БИТБАЙ ҚУ (сатира)

809

Алатаудың етегіндегі Қасқасу ауылында (Оңтүстік Қазақстан ауылы, Төлеби ауданы) баяғыда Битбай қу деген өткен екен. Қу тілді, сөзді тауып айтатын, аздап әпенділігі бар, жұртты күлкіге қарқ қылып жүретін жан болғаннан кейін шығар, елдің оны «Битбай қу» деп атап кеткені.
Сол Битбай қудың заманында Қасқасу ауылының тұсынан өтіп бара жатқан керуеннің бір адамы кенеттен қайтыс болыпты. Мезгіл — жаздың кезі болса керек. Ыстық күнде марқұмның денесін алып жүру мүмкін емес. Содан керуенбасы ауылдың ақсақалдарына келіп: «Ағайын, осындай қайғылы жағдай болды, өлікті молаларыңызға жерлесек бола ма?» деген өтініш айтқан ғой. Ауыл ақсақалдары мұндай жағдайда не десін, тек «Мұсылман ба еді?» деген жалғыз сұрақ қойыпты.
— Иә, мұсылман…
— Ә, онда жерлей беріңдер…
Сөйтіп, керуеннің жігіттері молаға барып, көр қаза бастайды. Бұл кезде Битбай қу ауылда жоқ, алыс жаққа сапарлап кетіп, енді ғана оралып келе жатқан беті екен. Айдалада атының үстінде ысқырып, әндетіп келе жатса моланың басында қараң-құраң еткен адамдарды көреді. «Ойпырмай, ауылда біреу қайтыс болған-ау шамасы, кім болды екен?» деп, дереу атының басын солай қарай бұрады. Барса, өңкей бөтен жігіттер жер қазып жатыр. «Ей, кімсіңдер, не істеп жатырсыңдар?» дейді бұл аттың үстінде тұрып. Керуеннің жігіттері жөнін айтады. «Пәлен деген елге кетіп бара жатқан керуен едік, бір кісіміз аяқ астынан қайтыс болды, ауыл ақсақалдарынан рұқсат сұрап, соны осы молаға жерлейін деп жатырмыз». Сонда Битбай қу:
— Қызықсыңдар ма, өзіміз сыймай жатқанда бұларың не? – деп дау шығарыпты.
Жігіттер жүгіріп керуенбасыға барады. Керуенбасы адамдардан сұрастырып, Битбай қудың ауылға айтқаны жүретін, әжептеуір беделі, абыройы, салмағы бар жан екенін біледі. «Ауылдың ақсақалдарын айнытып қойып жүре ме тағы?» деген күдікпен Битбай қуды «әкелеп-көкелеп» оңаша алып шығып, алақанына әжептеуір ақша қыстырған ғой. Сонда алақанындағы ақшаға қарап тұрып Би-екең:
— Мейлі енді, қысылысып-қымтырылысып бірнәрсе ғып жатармыз, — деген екен.

Оралхан Дәуіт