Балапан Базар: КОСКА ДЕСЕ “ШАНШАР”, “ШАНШАР” ДЕСЕ КОСКА ЕСКЕ ТҮСЕДІ…

1133

Ылғи кешігіп жүретін қазақпыз ғой…. Косканы көрген сайын бір жай ойыма орала береді. Оны өзіне де айтып бергенмін.
Кеше туған күні болды, мерейлі жасқа толды. Бүгін сол баяғы оқиға тағы да еске түсе кеткені…
Жетпісінші жылдардың аяғы. Мамыр айы, мектеп бітіргенімізге бір жыл болған. Ауылға әр қалада оқитын кластастарыз жинала қалды. Күнде жиын, күнде той…
«Қоғамда бүгін кеш болып жатыр, әскерге кететін жігіттерді шығарып салады, ұйымдастырушысы— комсомол» деген хабарды ести сала, жиырма шақты жігіт солай қарай бет алдық.
Астымызда бір-бір машина. Өйткені, мектеп бітіргенде бізге аттестатпен қоса, жүргізуші куәлігін де бірге берген еді. Оқуға түскендер түсіп, түспегендеріміз аудандық автобазаға жүргізуші болып жұмысқа орналасқанбыз.
Қоғам ауылы аудан орталығынан сегіз шақырымдай жерде, «Талапты» совхозының бір бөлімшесі. Демде жетіп бардық. Би қызып жатыр екен. Әдемі қыздардың бәрі сонда жиналған сияқты. Барған бойда орталарына кіріп кеттік.
Содан кештің шарықтау шегіне жақындағанда алдымен айқай, артынан төбелес басталды. Бір қарасақ, клубта өзімізден басқа ешкім қалмаған, музыкалық аспаптар әр жерде шашылып жатыр.
«Жел жіберген жеріңде, көп отырма желпініп» дегендей, ол арадан тез қайтып кеттік. Ертесіне милиция келіп, шетімізден түсінік алуды бастады. «Группавой төбелес, оның статьясы осындай болады» дегені есімде қалып қойыпты.
Мың болғыр, марқұм Қожанов (аудандық ІІБ бастығы не орынбасары) «Клубта бүлінген заттарды орнына қойып, клуб меңгерушісінен кешірім сұраңдар» деді.
Қуанып кеттік, бірақ кешірімге кім барады? Айналып келгенде, үш жігіт баратын болдық.
Уақыт өлтірмей, Қоғамға келдік, клубта ешкім жоқ. Сұрастырып жүріп, меңгерушінің үйін тауып алдық. Апай (Косканың анасы) үйде екен. Есіктің алдындағы тапшанда бір жігіт гитара тартып отыр. Анда-санда шләпісінің астынан бізге қарап қояды.Көзқарасынан ұнатпай тұрғаны байқалады.
Асықпай отырып, апамызбен әңгімелестік.Шешен кісі екен.Жерден алып, жерге салды.Ұрыспайды, айқайламайды, бірақ айтқанда…
«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтетінін сонда білдім. Ана жүрегі кең, мейрімге толы ғой, «Сабақ болсын, ендігәрі қайталамаңдар, балаларым» деді де кешірім берді. Мәзбіз. Кетіп бара жатып гитарадағы балаға қолымызды көтеріп, «давай!» дедік. Бала да басын изеді.Тірліктің оң шешілгеніне ол да қуанса керек.
Сол бала — Коска. Коска дейтіні, 12 сәуір — Космонавтар күні туған. Бәрі оны «Космонавт» атап еткен.
Сол Коска КазГУ-дің филолтгия факультетінің араб тіліне, мен дайындық курстан журналистика факультетіне оқуға түстім. Бір жылы бітірдік. Демалыста бірге қайтып, Алматыға бірге барып жүрдік. Оқу бітіргесін ол Шымкентке кетті де, мен Алматыда қалып қойдым.
Кейін ауылға аудандық газетке барғанда жолымыз тағы тоғысты. Ол ауданда Мәдениет сарайын басқарды.Астында «УАЗ» автоклуб көлігі.Ол машинамен қайда бармадық десеңші, кішкентай балама «Симилак» » NAN» деген сүт іздеп, Шымкентке, одан Тәшкенге өтіп кеткен кездер болды.
Сол кішкентай ұлым Асыл-Дастан қазір ер жетті, үйленді, немере сыйлады, амандық болса биыл докторантурасын тәмәмдайды.
Оны неге айтып отырмын, мамандығы —»Ғарыш және ғарыштық технологиялар». «Космонавт-Коскамен» байланыс бар ма? Бар болғанда қандай! Оның түп-тамыры Косканың сол кезде шын ниетімен сүт іздегенінде жатыр-ау деп ойлаймын.
Кейін Алматыға қайта оралып, тұңғыш кітабымныңтұсаукесерін өткізгенде, Жүсіп Ақшораев құрдасым екеуі сонау Шымкенттен арнайы келіп, Алматы мақта-мата комбинатының Мәдениет сарайында өткен «Балапан Базардың базары» деген кешімде көрерменнің көңілін бір көтеріп кеткені бар. Бұл ұмытпасам, 1996 жылдың күз айы.
Бүгінде Коска —Уәлибек Әбдірайымов қазақтың сүйікті әртістерінің бірі ғана емес, үлкен түлға және әзіл-сықақ театрларының негізін қалаушылардың бірі һәм бірегейі! Мерейлі жасың құтты болсын, Коска, дос!
Деніңе саулық, отбасыңа амандық, шығармашылығыңа табыс тілеймін!