“АССАМБЛЕЯ ТІЗГІНІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВҚА ТИДІ..”

679

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалық тізгінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімін қуана қуаттаймын. Елбасы бүгінгі өз шешімін Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-шы сессиясында мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға, Ассамблея туралы заңға сәйкес маған Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын өмір бойы атқару құқығы берілген. Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас та тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуымен өткен бүгінгі сессия «Бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы» тақырыбы аясында өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында жеткен әрбір жетістіктің бастау биігінде ел бірлігін бекемдеп Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрғаны ақиқат. Онлайн-форматта өткен бүгінгі Ассамблеяның 29-шы сессиясында Қазақстанды кемелдендіру жолында орамды ойлар айтылды. Оны жүзеге асыруға мемлекет басшысы-Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге жұрт болып жұмылып, игілік пен ізгіліктің басында әр қазақстандық бірге болады деп сенемін.

Ерсұлтан Әмірбек, Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ”Журналистер мен блогерлер клубының” төрағасы