Медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үй келесі жылы алғашқы тұрғындарын қабылдайтын болады

426

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, іскерлік орта өкілдері қатысқан онлайн форматта өткен жиын өтті.

Инвестициялық штабтың кезекті отырысы барысында медицина қызметкерлеріне арналған 12 қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізу мәселесі де штаб отырысында қаралып, қолдау тапты. Тұрғын үй келесі жылы алғашқы тұрғындарын қабылдайтын болады.

Шымкент сити шағынауданында салынатын 2 заманауи жекеменшік мектептердің жобалары да қолдау тауып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталатын болды. «Шымкент ситиде» бой көтеретін екі оқу ордасының жалпы сыйымдылығы 2200 оқушыға арналған.

Штаб барысында бизнес санатындағы 8 көпқабатты тұрғын үйлердің жобалары таныстырылып, мақұлданды. Құрылыс жұмыстарын отандық және шетелдік құрылыс компаниялары жүргізетін болады.

Жиында сондай-ақ Таскен шағынауданында салынатын 300 оқушыға арналған жекеменшік мектеп пен 500 орынға арналған жатақхана жобаларының таныстырылымы да өтті. Ұсынылған нысандар қолдау тауып, олардың құрылыстары да жақын күндері басталады.

Қала басшысы М.Әйтенов Шымкенттің өркендеуіне инвесторлар қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді. Бұл әсіресе құрылыс саласының қарқын алуына негіз болып отыр деді. Сала жетекшілеріне құрылыс компанияларына жер бөлуде ауқымды жер учаскелерін бірден бөліп беруге жол бермей, олардың құрылыс жүргізу қарқынын есепке алып бөлуді тапсырды. Бөлінген жер учаскелері белгілі мерзім ішінде игерілмей бос жатса, оны қайтарып алу жөнінде механизмдер қалыптастыруды жүктеді.