Көлік қозғалысын реттеуде жүйелі жұмыстар атқару тапсырылды

328

Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов салалық басқарма басшыларының есептерін қабылдау барысында көлік жүктемесі біртіндеп артып отырған қалада транспорттық инфрақұрылымды ұтымды ұйымдастырудың жолдары бүгіннен бастап мұқият зерделенуі керектігіне назар аударды. Шымкент қаласы ауқымды транзиттік дәліздердің ортасында тұрған орталық, қаланың сыртқы шеңберінен өтетін көлік транзитіне арналған айналма жолдардың жобасы қаланың бас жоспарында қамтылуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.

Жыл санап өсіп жатқан қалада алдағы жылдары транспорттық кептелістердің орын алу ықтималдылығын ескерткен қала басшысы, қоғамдық көліктердің қозғалысын кедергісіз ұйымдастырудың тиімді тәсілдерін бүгіннен бастап қарастыруды тапсырды. Бұл мәселеде қолданыстағы жол қозғалыстарының сызбаларын, жолаушылар тасымалы бойынша мегаполистер тәжірибелерін зерделеуді, қоғамдық көліктің жаңа түрлерін енгізу мүмкіндіктерін қарастыру қажеттілігі айтылды. Осы талаптар ескеріліп, қалада көлік қозғалысын реттеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленуі керек деді.