Шымкент: жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін көлік қозғалысы шектеледі

544

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасовтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ержан Жақсылықұлы Қонаев–Рысқұлов қиылысындағы жолайрық құрылысына байланысты көлік қозғалысындағы бірқатар өзгерісті жеткізді.

– Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес қазіргі таңда Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық салу жұмыстары жүргізілуде. Қонаев даңғылын көліктер қозғалысы үшін ашу осы жылдың 15 қыркүйегіне жоспарланған. Бұл ретте жолайрықтың көпір өткелі (көпір балкаларын орнату) мен жол жамылғысын салу жұмыстарын жалғастыру үшін Рысқұлов көшесін Байтұрсынов көшесінен Дулати көшесіне дейін көлік қозғалысына байланысты толығымен шектеу қажеттігі туындап отыр. Нысанды айналып өтуге көліктер қозғалысы уақытша Байтұрсынов, Байырқұм, Жандосов Дәулетұлы, Тұяқбаев, Береке, Жәнібеков, Дулати, Байзақұлы, Арғынбеков, Қазиев көшелерімен жүргізіліп, Дулати көшесінің Рысқұлов көшесінен Бәйдібек би даңғылы аралығы екі бағытта ұйымдастырылады, – деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, көліктер қоғалысы Байтұрсынов көшесімен Рысқұлов көшесінен Арғынбеков көшесіне дейін бір бағытта жүргізілмек. Тек қоғамдық көліктер екі бағытта қозғалады. Осыған байланысты Шымкент қаласы Әкімшілік полиция басқармасымен келісілген сызбаға сәйкес Рысқұлов көшесін Байтұрсынов көшесінен Дулати көшесіне дейін көлік қозғалысы үшін шектеледі. Бұл осы жылдың 30 шілдесі сағат 23:00-ден 15 қыркүйекке дейінгі уақытты қамтиды.

Сонымен қатар, Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Қоғамдық көлік» бөлімі басшысы Н.Сүгіпәлиев Тәшенов көшесін орташа жөндеу жұмыстарына тоқталды.

– Тәшенов көшесін Төле би көшесінен Төреқұлов көшесіне дейін жөндеу жұмыстары орам сайын (по квартально), асфальт бетон жабынын төсеу кезінде ішінара жабумен жүргізіледі. Яғни, Төле би–Түркістан көшесі, Түркістан–Тәуке хан көшесі, Тәуке хан–Жылқышиев көшесі, Жылқышиев–Төреқұлов көшесі аралықтары осы жылдың 1–30 тамызы аралығында ішінара уақытша шектеледі, – деді Наурыз Болысбекұлы.
Одан бөлек, жаңа әуежай терминалына кіре беріс автомобиль жолының құрылысына байланысты жаңа автомобиль жолы мен Шалқаркөл көшесінің қиылысу орнында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай «Жиделі» мөлтек ауданына қатынау «Сауда-логистикалық орталыққа» баратын автомобиль жолы арқылы ұйымдастырылады. Бұл осы жылдың 1–20 тамыз аралығында сызбаға сәйкес жүзеге асырылады.

Брифинг барысында басқарма басшысы қала тұрғындарын уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауға шақырды.