Франшиза – дайын бизнес

405

Шымкент қаласында өңірлік брендтерді дамыту аясында франшиза жобаларының тиімділігін арттыру көзделуде. Франшиза – дайын бизнес. Онда кәсіпті толық сүйемелдеу мүмкіндігі бар. Бұл жөнінде Шымкент қаласының Инвестициялық штабтың кезекті отырысында талқыға түсті.

Штаб отырысында шағын және орта бизнесті дамытуда «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын қабылдау, өңірлік бағдарлама қорын қалыптастыру бойынша қаржы көздерін қарастыру, «Бастау бизнес» курсын жергілікті бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныстар талқыланды.

Жалпы 2021-2023 жылдары күтілетін нәтижелерге тоқталып өтсек. Қалада 1000 сауда нүктесімен өңірлік 50 брендті қалыптастыру (3000 жұмыс орны), 500 жеке кәсіпкерлік нысаны бойынша 4 кіші индустриалды аймақ құру (2,5 мың жұмыс орны) жоспарлануда. Сонымен қатар, 30 кооператив ұйымдастырып, шаруа қожалық санын 600-ге жеткізу назарда. Жұмыс орнының саны – 1,5 мың.

Айта кетсек, бүгінде шаһарда 69,5 мың шағын кәсіпкерлерік нысандары жұмыс істейді: Абай ауданында – 24 177, Әл-Фараби ауданында – 16 551, Еңбекші ауданында – 16 151 және Қаратау ауданында – 12 651 нысан бар.

Белсенді шағын және орта бизнес нысандарының санын биыл 71 мыңға жеткізу көзделген. Ал 2023 жылы 83 мыңға жеткізу жоспарда. Биыл қаңтар-наурыз айында 222,1 млрд теңгенің өнімі шығарылған.