Шымкентте «Кітап оқудан тыйылма» бірегей жобасы бастау алды

310

Шымкент қаласы тұрғындарының кітап оқуға деген құштарлығын арттыру және заманауи талаптарға сәйкес жұмысы жаңашыл форматқа өзгертілген жергілікті кітапханаларға оқырмандардың қызығушылығын жоғарылату мақсатында ерекше жоба қолға алынды. Жоба аясында Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастауымен бірқатар қызмет көрсету орындарымен оқырмандарға ерекше жеңілдіктер берілуі жайында келісім түзілді.

Алғаш қадам ретінде Шымкент қаласының бірнеше аялдамасында және сауда ойын-сауық орындарында еріктілер тарапынан —— “White card” оқырман билеті таратылды.“White card” ерекше оқырман билеттерінің алғаш сатысы болып табылады. Кітапханада тіркелген азаматтарға оқылған кітап саны және олар бойынша жазылған ой-пікіріне сәйкес “Blue card”, “Silver card”, “Gold card” және “Diamond card” оқырман билеттері ұсынылады. Кітап оқуда белсенділік таныту қарқынына қарай оқырмандарға демеушілер тарапынан берілетін жеңілдік көлемі мен сыйлық саны да артады.

Толығырақ ақпарат парақшамызда (@shymkent_culture) және @abay_kitaphana парақшасында жарияланады. Қапы қалмаңыздар!