Шымкент: Экополицейлердің жұмысын күшейтуді тапсырды

288

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық Полиция департаментінің бастығын қабылдап, саладағы өзекті мәселелерді талқылау барысында қаладағы тәртіптің тұрақты болуына аса мән беру керектігін қадап айтты. Бір апта рейд болып, келесі аптада қайта тәртіпсіздік орнауы, камераның кейбір жерде істен шығып тұруы, ретсіз сауда орындары мен заңсыз сауда нүктелерінің болуы, ондағы санитарлық талаптардың сақталмауы — қаланың имиждін бұзатын дүниелер екенін айтты.

Жаңа оқу жылының басталуына орай оқушылардың жолдан өту, мектеп ішіндегі қауіпсіздігін назарға алуды тапсырды. Одан бөлек, экополицейлердің жұмысын күшейту керек деді. Біздің мақсат – тұрғындарды жазалау емес, оларға тазалық мәдениетін түсіндіру және қалыптастыру екенін жеткізді.

Халық арасында наразылық тудырмау үшін жаңадан қойылатын камералар туралы халыққа барынша ақпараттық насихат жүргізуді, Ынтымақ-2 шағынауданында криминогендік ахуалды реттеуді, ақылды бағдаршамдар санын көбейтуді, халық тығыз орналасқан елдімекендерге 100 мобильдік полиция пунктін қою жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.