ЕҢБЕК ЕПТІЛІКТІ СҮЙЕДІ

698
Қыстың қамын жаз ойлайтын ауылы­мыздың қыз-келіншектері қысқы азық дайындауды бастап та кетіпті. Үй шаруа­сына пысық келіндердің бірімен тілдесіп, оқырмандарымызға оны үлгі ету мақса­тында осы мақаланы жазып отырмыз.
Жолдыбаевтар әулетінің келіні Молдабаева Ұлшат Төлеби ауданы, Мәде­ни ауылының тумасы. Ол 2010 жылы Қажымұқан ауыл округіне қарасты Көктөбе ауылының тұрғыны Жолдыбаев Досханмен отбасын құрған. Ұлшат жеңге­міз дүниеге бес перзент әкеліп, бүгінде бір отбасының отанасы атанған.
— Күз мезгілі жеткенде өзім ұна­татын істің бірі – банка жабудан қол үзген емеспін, — деп бастады әңгімесін Ұлшат.
— Қыста жеміс- жидектерді табу қиын, әрі олардың бағасы да шарықтап кетеді. Бұрын өз ауылымда анам екеуміз банка жабатынбыз. Қазір бұл іске ұл-қыз­дарым қолғабыс етіп, отбасы болып бірге еңбек етеміз. Осы күні көкөністен 9 түрлі өнім консервілеудеміз.
Күніне орташа есеппен 150-250 банкі жабамыз. Бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр­­мыз. 3 гектар жер теліміне консе­р­вілеуге қажетті көкөніс егіп, түскен өнімді кәдеге жаратудамыз. Қазіргі кезде лечо, цицибели, икра, баклажан, отжига са­лат­тарын жасаудамыз. 2 литр банка бағасы 1000 теңгеден.
Тұтынушылар өздерімен бос банка әкелмейді. Барлығы өзімізден. Банка жабу маусымы қазан айының аяғына дейін созылады. Бұл кәсіпті отба­сымызбен өз қаржымызға бастағанбыз. Аллаға шүкір жылына 10 000-нан астам консерві дайындаудамыз.
— Жолдасым Досхан көктем мезгі­лінде жер қопсытып, бақша орнын дайын­дайды. Одан кейін енем екеуміз күзде дайындап қойған дәндерді отырғы­зып, бақша егуге көмектесеміз. Шарбақ іші жайнап тұрғаны жақсы ғой. Таза ауа мен жайқалып тұрған бау-бақша шар­ша­ғаныңды басып, көңіліңді бір сергітіп тас­тайды. Енемнің еңбекқор жан екенін көріп, осындай отбасына келін болып түс­кеніме қуанамын.
Біз жолдасым екеуміз де қарап жатпай, әр кезде де отбасылық іске білек түре кірісіп кетеміз. Бұл біздің отбасының бір ерекшелігі десем, артық айтқаным болмас. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, отбасымызбен ала жаз­дай маңдай терімізді төгіп, өсірген өні­мімізді қалайша мақсатсыз жұмсайсың? Енемнің еңбегін бағалаған мен әрбір же­місті, әрбір көкөністі пайдаға жа­ратуға тырысып отырамын.
? Сол себепті жыл сайын өз бау-бақ­ша­мыздан шыққан өнімдерді қысқа дайындап, консервілеп, бан­каға жауып тастаймын. Банка жабу науқаны басталып кетті. Қа­зірдің өзінде 250-ге жуық банка дайын. Негізінен қияр мен қыза­нақтан бөлек компот, салат, лечо салатын жапқанды ұнатамын,- деген ибалы да еңбекқор келін Ұлшат өз ісінің қыр-сырын енесі Закира Төлентайқызынан үйренгенін де жасырған жоқ.
Кейіпкеріміз салт-дәстүрін ұстанған инабатты келін. Енесінің есімін айтпады. Сол жерде таныстарынан сұрап білдім.
Осы ретте Ұлшаттың енесі За­кира Төлентайқызын да әңгімеге тарттық.
— Келінім Ұлшатқа көңілім то­лады. Ақ босағаны аттағалы өзі­нің өніп-өскен жерден шыққанын байқатуда. Осындай қызды тәр­бие­леген ата-анасына рақмет. Осы кәсіпті 2020 жылдан бері қолға алғанбыз. Негізі біз банканы өзімізге жабатынбыз. Өзімізден артылғанын басқа ұл-қыз­дарымызға үлестіріп отыратынбыз. Аулада жер жетеді.
Осыны кәсіп етіп, саудаға шығарсақ деген ой келіп, істі бастап кеттік. Ұлым Досхан мен келінім Ұлшат қоштап кетті. Қазір немереле­рім­мен бірге таң атқаннан күн батқанға дейін еңбек етудеміз. Кәсіп алға басып келеді, — деді Закира апа.
Біз барғанда сатып алушылардың да қарасы мол екен. Олардың да ойлары қы­зық болды. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінді.
— Біз былтырда осы кісілерден консервілердің түр-түрін алғанбыз. Өте дәмді шықты. Кәсіптері алға баса берсін. Барлығы табиғи өнім болғандықтан дәмі тіл үйіреді. Сіздерге де кеңес беремін. Алсаңыздар өкінбейсіздер, – деді бір тұтынушы.
Иә, кейіпкеріміз өз ісін жақсы көріп айналысатыны көрініп тұр. Ұлшат қара­пайым банка жабуды кәсіпке айналды­рып, одан нәпаха тауып отыр. Ал, сіздер қандай істі жақсы көресіздер. Оны кәсіп етуге ойларыңыз бар ма? Бүгінгі кейіпке­ріміз көптеген «жұмыссызбын» деп отыр­ғандарға үлгі болады деп ойлаймын.