КАРАТЭМЕН ЕГІЗ ЖАРАТЫЛҒАНДАЙ

827
Спорттың адам өмірінде ала­тын орны ерекше. Спорт­пен шұ­ғыл­данған адамның дені сау, шы­мыр болумен қатар, көңіл сарайы да таза болады.
Балаларды ден­сау­лығы жараса жастайынан спорт­қа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау әр­бір ата-ана­ның жаупкер­шілігіндегі іс. Спорттық үйір­меге қатыса оты­рып, ол тек денсаулығына пайда әкел­мейді. Көпшілікпен арала­сып, ортада өзін ұстау мә­дениетін де үйренеді. Түрлі жарыстарға ба­рып, ел көріп, жер таниды.
Тек додада емес, өмірде де жеңімпаз болуға ұмтылады. Өзінің ішкі белсенділігін, сенім­ділігін қалып­тастырады.
Сәл кері шегініп, естелікке орын берейін… Үшінші сыныпта оқи­мын. Үйдің жанындағы Ш.Уә­лиханов атындағы орта мектептің стадионында каратэ-до-шотокан секциясы басталды. Айына 100 теңге­ден. Ата-анам қатысуыма тү­бегейлі қарсы. «100 теңгелеріңді қимайсыңдар ма?!» деп мен жы­ладым. Не керек, бір апта қаты­сып, терлеп, суықтап, қал­пақтай ұштым.
Менсіз де каратэ жалға­сып жатты. Тек терезеден телміріп қарайтынмын. Сол балалардың бірлесіп жүргеніне, қимылдарын бірдей жасайты­нына, тіпті, бірдей дауыс шығарып жаттығатынына қатты қызығатын­мын.
Орталықтағы мерекелік іс­шара­ларда әппақ кимоно киген каратэшілер «Хэ! Хаджими!» деп айқайлап өнер көрсеткенде көп­шіліктің құрметіне бөленетін. Кей­де тойларда өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрді. Әлі де солай қошемет көрсетіледі.
Алтыншыны оқып жүргенде Болат Қожагелдиев есімді бала біздің сыныпқа ауысып келді. Кәдімгідей каратэші. Бір сынып төмен оқитын Еркеғали Шәмшиев екеуі жарыстан қалмайды. Қазір­гінің тілімен айтқанда кәдімгідей «хит». Қанша жыл өткен соң Болаттың үйлену тойында бапкері мен каратэшілер ката көрсетіп, әлі де тың екенін, кез келген сәтте жекпе-жекке дайын екенін көр­сетті.
Бұл каратэ іргетасының мық­ты қалан­ғаны­ның, жатты­ғу­дың асқан талаппен орын­далға­нының дәлелі.
Бүгінде біздің көшеде каратэ­ге қатысатын балалар мен жасөспірімдер бар. Жаттығудан қал-майды. Сөйлессең, «Біздің ағай» деп басталатын әңгімесі көп. Сол ағайының талабына сай болғысы кеп үнемі ізденіп жүреді. Әлбетте, бұл ағайының арқасы!
Ол — Берік ҚОЖАҚ есімді бапкер. Темірланда каратэ мен Берік ағай­дың есімі егіздей қатар айтылады. Ол өз ісін сүйетіні сонша, тіпті үй­дің тірлігін істесе де жаттығу ре­тін­де, денсаулыққа пайдалы қоз­ға-лыс жасап істейді дейді көрген­дер. Тіпті, тойдағы биінің өзі жат­тығу!
— Бірде қыстыкүні үйінің жанынан өтіп бара жатсам, Берік жерде шпагатта отырып, сарайы­ның терезесінен күрекпен көмір лақтырып отыр. Бұл не отырыс десем, әрі жаттығу, әрі үйге пайдалы жұмыс істеп отырмын деп жауап қатқан еді, — дейді бір танысы.
— Берік ағайдың арқасында ұлым да, қызым да Қазақстанның түрлі қаласына барып, жарысқа қатысып қайтқан. Ол кісіге мың алғыс! — дейді Айнұр Әзімбаева есімді тұрғын.
Бапкер өз ісін сүйетіні сонша, әр баламен ерінбей жаттығады, сөйлесіп, еркелетіп те алады. Әрқайсысына өз баласындай мейіріммен қарап, мерекелерде құттықтауды ұмытпайды.
Жауап­кершілігінің күштілігі болар, жат­тығу, жарысқа барарда-қайтарда оқушыларын үйінен әкетіп, әкеліп тастайды. Жаттығудан, жарыстан бө­лек балаларды үнемі экс­курсияға шығарып, туған жердің түрлі кереметімен таныстырады. Көңілдерін аулап, шабыт­тан­дырып жүреді. Жазда шомылуға, қыста сырғанаққа апарады. Биыл балаларды қырға қызғалдақты тамашалауға апарыпты. Бірақ, балалар бір де бір гүл жұлмаған.
Тіпті, рейдте жүрген полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, ағайдан, балалардан сұрап, тексеріп қараса жұлынған гүл таппай, сөздеріне сеніпті. Сонша бала барып бір де бірі гүлге зиян келтірмегеніне риза болдым. Бұл да ағайдың сөзінің өтімділігі. «Туған жердің табиғатын аялап, қорғауымыз қажет» деп әр балаға түсіндірген екен. Олардың да сөзді жерге тастамағаны қандай керемет!
Көктемгі демалыста да кіш­кентай спортшыларын жинап, қызғал­даққа апарыпты. Кішкентай спортшылардың телефонындағы каратэшілер тобынан Берік ағай­дың «Туған жердің тамаша таби­ғатын көресіңдер. Қандай керемет жерде тұратынымызды біле­сің­дер.
Бірақ, қызғалдақты жұлуға болмайды. Туған жердің таби­ғатын аялауымыз керек, сақтауы­мыз керек» дегенін өз құлағыммен естідім. Шыны керек, көбіміз балаларға олай егжей-тегжейлі түсіндіре бермейміз. Қызғалдаққа барайық дегенге, «жұлуға бол­майды, айыппұл салады» деген­нен аса алмай жүргеніміз қан­ша­ма?!
Былтыр күшейтілген карантин кезінде Берік ағай оқушыларына онлайн жаттығу жасатты. Оның видеосын көрген біз қатарлы бұрынғы спортсмендер «Біз ұялып қалдық. Спортты тастап, уақыт таппай жүрміз. Ал, Берік ағай дәл сол қалпы! Спортты сүйіп, өзінің жұмысын да істеп, бәріне уақыт тауып жүр» дегенін де естігем.
Негізі, бұрын да Берік ағай туралы жазамын деп жүріп, реті келмеген еді. Өмірі де, өзі де, ісі де өзгеше кейіпкер. Ауданның спорт саласында өзіндік орны бар азамат. Осы мақаланы қолға алғанда Берік ағай тағы бір жарыстан жүлделі оралған чемпиондарды ертіп редакцияға келді. Орайы келіп, тұрғанда сұрақтың астына алдым.
— Мен Темірланда туып-өстім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары каратэге қызығатын жастар өте көп еді. Бірақ, адам өміріне қауіпті спорт ретінде министрлікпен тыйым салынған. Мен мектепті аяқтап, әскерге бардым. Кейін Алматыға оқуға түстім. Сол кезде жатақханада жасырын жаттығатынбыз. 1987 жылы каратэге тыйым алынып тасталды. Келесі жылы ауылға келіп, мектепке орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым.
Жұмыстан бос уақытта жасөспірімдерді жинап, спортқа баулып жүрдім. Күн өткен сайын қатысушылар қатары артты. Араға уақыт салып аудандық спорт мектебі жанынан каратэ үйірмесі ашылып, мені қосымша жұмысқа шақырды. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде №2 балалар және жасөспірімдер спорт мек­тебінде каратэден үйірме жетек­ші­сімін. Осы жылдар ішінде талай чемпионның қанаты қатайды. 1998 жылы алматыда өткен ең алғашқы Орта Азия ойындарында Елемесова Гүлбану қола жүл­демен оралды. 2012 жылы Таш­кентте өткен Әлем кубогінде Ке­ңес Өркен, Әбдуәлі Нұрсұлтан, Бимахан Салтанат қола жүлдегер атанды. 2017 жылы Шымкентте өткен Орта Азия чемпионатында Кеңес Балауса алтыннан алқа тақты. Жыл сайынғы Қазақстан республикасы чемпионаттарынан құр қол қайтқан кез болған жоқ. Халық­аралық, республикалық жарыс­тарда оза шапқан Қожа­гелдиев Болат, Шәмшиев Ерке­ғали, Баймаханов Ғалымжан, Қиян­­беков Әлімжан, Әбдиева Әй­герім, Досанова Гүлбану, Тасбо-латова Ақмарал, Елібай Нұрғали, Әбуов Ержан, Жұмабеков Руслан, Ізтілеуов Мақсат сынды шәкірт­терімнің есімін мақтанышпен айт­амын. Каратэнің қара белбеу иеге­рлері мен чемпиондар әлі де тәр­биеленуде. Қазіргі таңда Кеңес Балауса мен Дүйсенбай Жанель Түркістан облысы мен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мү­ше­лері. Жақында Кентауда өткен республика чемпионатында Мұсаева Раяна, Сәткен Ақбота, Әб­ду­рахман Еркеназ чемпион атан­ды. Ал, Бекет Раяна мен Нә­биева Аяжан күмістен алқа тақса, Қабылбек Саян, Бейсенбай Абай, Темірбай Дінмұхамед қола ме-дальге ие болды, — деп әңгімесін аяқтады.
Оқушыларымен мақтанатын, бар бақытын жұмысынан тапқан бапкердің отбасы туралы сұра­дым. Өмірлік жары Алмагүл екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеуде. Ұлдары әке жолын қуып, бүгінде жаттықтырушы болып жүр. Қызы — оқушы. Ағайдың өзі С.Ысмайы­л­ов атындағы жалпы орта мек­тепте мұғалім. Бұған дейін түрлі марапат пен Алғыс хаттар, ме­дальдар алды. Қанша рет қыз­мет бойынша жоғары лауазымдар ұсынылды. Бірақ, Берік бапкер бәрінен бас тартқан. «Қызметке кіріссем, каратэге уақыт таппай қаламын. Бала­ларды кім үйретеді. Менің ізімді басып, чемпион тәрбиелейтін жаттықтырушы кел­мейінше, осы іспен айна­лы­самын деп өзіме уәде бергенмін. Сөйтіп жүргенім­де отыз жылдан астам уақыт өтіп кетіпті», — деп күлім­сіреді.
Міне, сүйікті ісін өмірінің мә-ніне айналдырып, каратэмен егіз жаратылғандай бапкер туралы үзік сыр осы.
Жібек ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ.