АВТОР ӘНІН МУЗЕЙГЕ БЕРДІ

352
Орталығымыздағы Қажымұқан атындағы Облыстық музейге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жылқыбай Құрманәлі Тастанбекұлы алып күш иесі Қажымұқан бабамызға арнап ән жазып, табыстады.
Мерекелік іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Оралбаев Азат, аудандық мәслихат хатшысы Әбдіхалық Қасымбай, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Садвахасов Баймахан қатысты.
Биыл Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл. Осынау атаулы жылмен тұспа-тұс жарық көрген «Қажымұқан» әні бүгінде тыңдарманның құлақ құрышын қандырғандай. Аталған әнді Құрманәлі Жылқыбай музейге табыстау рәсімінде сөз алып, ауданымызда үлкен көлемде өткен Қажымұқанның 150-жылдық мерей тойына арнап бір күнде жазып шыққанын айтты. Сондай-ақ, «Қажымұқан» әні қалың көрерменнің алдында шырқалған сәтте-ақ қошеметке бөленгендігін де тілге тиек етті.
Іс-шара барысында Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің директоры Гүлдария Райымбекова сөз сөйлеп, әннің мәңгілік жәдігер болатынын, болашақ ұрпақтардың да бұл әнді тыңдай алатынын айтты. Сонымен қатар, авторға Мұқан батырдың мәңгілік ел есінен шықпауына үлес қосып, есімін ән әлеміне енгізгені үшін, музей атынан алғыс хат табыстады.
Айта кетейік Құрманәлі Жылқыбай ел ішінде сазгерлігімен ақындығымен танымал тұлға. Ол осы әннің сөзінің де, өзінің де авторы.