«VOICE OF TURAN»: ТҮРКІСТАН ТӨРІНДЕ ЕУРОПА МЕН АЗИЯ ӘНШІЛЕРІ ҚАЗАҚ ӘНДЕРІН ШЫРҚАЙДЫ

633

Бұл туралы бүгін өңірлік комуникация қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев айтты.

Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыс орталығындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешеніде 19-20 қазан күндері Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Халықаралық «Voice of Turan» қазақ әндері байқауын өткізеді. Мәдени-музыкалық жаңалық саналатын байқау биыл алғаш рет офлайн түрде өткізіледі.

Фестивальге Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Әзірбайжан, Польша, Черногория, Беларусь, Молдова, Грузия, Сербия, Қарашай-Шеркес республикасы, Бурятия, Македония, Болгария мемлекеттерінен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар қатысады.

«Биылғы байқаудың ерекшелігі, Азия елдерінен ғана емес, Еуропа мемлекеттерінен де әншілер келіп қатысуда. Байқауға қатысушы шетелдік өнерпаздар қазіргі таңда Түркістан өңіріне келіп, дайындықтарын жүргізуде. Байқау осыдан екі жыл бұрын бастау алып, карантиндік шараларға байланысты онлайн түрде өтті. Байқау қазақ музыкасы мен қазақстандық композиторлардың үздік шығармаларын, сондай-ақ қазақ әндерін әлемге насихаттау, шығармашыл дарынды жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып жатыр»,- деді Әзімхан Қойлыбаев.

Халықаралық байқауда шығармашылық интеллигенция өкілдері, танымал орындаушылар, композиторлар, продюсерлерден құралған кәсіби қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар Гран-при, Бірінші, екінші және үшінші дәрежелі лауреат, сонымен қатар түрлі номинация бойынша арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Жобаның бас продюсері, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаровтың айтуынша, қатысушылардың барлығы үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, республикалық, ұлттық, және халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен үміткерлер.

Айта кетсек, бұған дейін аталмыш байқауда 2020 жылы Малдова республикасынан Галина Шкода бас жүлдені жеңіп алса, 2021 жылы Бурятиялық Цыден Еши Бимбаев Гран-при иегері атанған. Халықаралық ән сайының нәтижесінде 4 елдің үздік әншілерінен құрылған «Turan Boys» квартеті бүгінде қазақ әндерін насихаттауда зор үлес қосып жүр.