ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ҚОҒАМ: МЕЙІРІМДІ МЕЙІРБИКЕ

258

Денсаулық – баға жетпес байлық. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде баратыны – медицина қызметкерлері. Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Олардың көмегімен дертімізден айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттыратын да осы асыл маман иелері.

Адам жанына шипа сыйлайтын мамандықты таңдаған ақ халатты абзал жанның бірі – ардагер мейірбике Әлима Нұртайқызы Нәбиева.

Әлима Нұртайқызы 1959 жылы 28 қазанда Сауран ауданына қарасты Аша елді-мекенінде туылған. Ауылдағы М.Фрунзе атындағы орта мектепті бітіргеннен соң колхозда екі жыл еңбек етіп, тәжірибе қалыптастырады. Түркістан қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1982 жылы бітіріп шығады.

Алғашқы еңбек жолын Шорнақ ауылындағы емханада мейірбике болудан бастайды. 30 жылға жуық, бір емханада тапжылмай еңбек етіп, абырой жетістігімен зейнеткерлікке шығады. Еңбегінің бағаланғаны емес пе аудандық, қалалық, облыстық денсаулық сақтау бөлімі мен басқармасының алғыс хаттарымен марапатталып, мерейі үстем көрін-гені. 2016 жылдан бері зейнеткерлік демалыста болғанымен ауыл аймақтағы басы ауырып, балтыры сыздағандардан дәрігерлік көмегін аямай, ем-домын көрсетіп келеді.

Құдай қосқан қосағы Нәбиев Мәметжан екеуі өмірге 6 ұл-қыз әкеліп, оларға өнегелі тәрбие берген. Тұла бойы тұңғыштары Раушан, «арпа ішіндегі бір бидай» қызы Дилфуза, Бауыржан, Мейрамбек, Ғалымжан, Илхам барлығы да бүгінде үйлі-жайлы. Иә, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған Әлима апаның бес келіні ұлдарының шаңырағын бақ-берекеге толтырып отырса, қызы барған елінің көсегесін көгертіп, өсіп-өніп отыр.

Бүгінде осынау ұлдары мен қызынан 21 немере сүйіп отырған Әлима апа бақытты әже.

— Осыдан 30 жыл бұрын аудандық Шорнақ ауылындағы емханаға медбике болып жұмысқа орналасқанымда емхананың дәрігері Еркінбек Стамқұлов ұстазым өзім таңдаған мамандығымды сүюге, мақтан етуге үйретті. Сондай ардақты абзал жанның арқасында қызығы мен қиындығы мол мамандықты терең меңгеріп, үлкен жетістіктерге қол жеткіздім. Бүгінде өзім де сол аға буын ұстазым сияқты Набат Иманбекова, Нұргүл Накипова сынды өз ісінің шебері атанған, ел-жұртының алғысына бөленген аялы алақан иелеріне ұстаз болдым. Тіпті, олардың өздері де бүгінде жастарға тәлімгер болып, өмірден түйгендерін үйретуде. Мейірбике мамандығында күн-түн демей еңбек еттім десем болады. Алыс шалғайдан ауырып жатыр деген хабарды естігенде тракторға, тіптен көлік болмаған жағдайда арбаға мініп алып, жеткен кездерім болды. Кете беретін едім, біреу ауырып жатыр деген хабар келсе. Осы ауыл төңірегінде мен дәрі екпеген адам жоқ шығар. Бір күні сондай кезекті хабар жеткенде көлік табылмай, жолшыбай кетіп бара жатқан «Камаз» көлігіне мініп, науқасқа дер кезінде жетіп, ем-дом жасағаным бар.

Бір күні түннің бір уақытында көршім Ділдахан келіп, кішкентай баласы қатты ауырып жатқанын айтты. Дереу барып, тамырынан укол салып, көмегімді көрсеттім. Балалар бөлімінде мейірбике жұмысын атқарып, мол тәжірибе жинағанымның арқасында балалардың тамырын тез тауып, оларға егуді ауыртпай салатынмын.

Марқұм жолдасым Мәметжан өте жақсы еді. Өмірден өткенімен, оның артында қалған сүйеніштерім, бес азаматым өздері таңдаған маман-дықтың иелері атанып, еліміздің дамуына атсалысуда. Барлығы да отбасылы, алтындай жарқыраған келіндерім тәтті немерелер, өмірімнің жалғасы боларлық ұрпақ сыйлады, – дейді медицина майталманы Әлима Нұртайқызы.

Түйіндей айтқанда, медицина-дағы ауыр жүкті арқалайтын негізгі буын — Әлима Нұртайқызы сынды мейірбикелер науқастарға көмектесуді алдыңғы кезекке қоятын, олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалайтын адам жанының жанашыры.

Ләззат Қаныбекқызы САРЫБАЕВА.

Түркістан қаласы