ТРАКТОРШЫ КЕЛІННІҢ ЕНЕСІ

284

Арынова – 12 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Ол 1938 жылдың 1 қаңтарында Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіне қарасты Қазақстанның  30 жылдығы ауылында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылып, жастайынан жетімдіктің кермек дәмін татты. Бүгінде осы ауданның Қосмезгіл ауылында тұрады.

– Ленин колхозында тракторист болып еңбек ететін Тұңғышбай Арыновпен сөз байласып, отау құрдық. Үрлайым, Күлайым, Балайым, Ұлбосын есімді қыздардан кейін Көлбай ұлым дүниеге келді. Оның артынан Марат, Ләззат, Салтанат, Қайрат, Махат, Жәудір, Перизат есімді бауырлары ерді. Аллаға сансыз шүкіршілік етемін,– деп бастады ақ жаулықты Гүлзейнеп ана.

Гүлзейнеп ана ұлы Көлбайдың қолында тұрады.

– «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, жолдасыммен бірге отар-отар қой бақтық. Сиыр асырадық. Қара жұмыстан қашқан емеспін. Осы қарашаңыраққа келін болып түскеніме 66 жыл болыпты. Ұлым Махатты дүниеге әкелген жылы қайын атам мен енем қайтыс болды. Қапияда ұлым Мараттан айырылып қалдым. Оның артында 5 перзенті қалды. Анаға бала қасіретін көрсетпесін. Ішімнен қан жылап тұрсам да «Алла қалғандарына өмір берсін» деп белімді бекем буындым. Құдай қосқан қосағым колхоздың тракторын айдады. 1997 жылы ол да өмірден озды.

Аллаға шүкір деймін, перзенттерім менен құрметін аямайды. Төрт келінімді өте жақсы көремін. Артымнан ерген туған үш інімнің жұбайлары бар. Олар да менің келіндерім ғой. Әрдайым мақтап отырамын. Ертеңгі күні осы  сөздерімді еске алсын деп ойлаймын. Әсіресе, қолымдағы келінім Кенжегүл көңілімді табуға тырысып құрақ ұшады. Атасы да осы келінді «алтыным, алтыным» дейтін, – дейді Гүлзейнеп апа.

Осы арада атасының алтын келіні болған Кенжегүлді әңгімеге тарттық.

– Ордабасы ауданының Сыпатаев совхозында туып-өстім. Совхозда 6 жылдай механизатор болып жұмыс істедім. Еңбекте озат атанып, 1986 жылы Шымкент облыстық халық депутаттары атқару Кеңесіне депутат болып сайландым. Одан кейін аудандық комсомол комитетінің ХХ съезіне делегат болып сайланғанмын. Осы шаңыраққа 1991 жылы келін болып түскенімде депутат болатынмын.

Тұрмысқа шыққан жылы үлкен әпкем мені іздеп келді. Бір-екі күннен кейін үйіне қайтатын болды. Ауылда қазіргідей ары-бері қатынап жүретін жеңіл көліктер жоқ. Содан есік алдында тұрған атамның тракторын оталдырдым да, әпкемді Түркістанға жеткізіп тастадым. Үйге келсем ата-енем мені есік алдында күтіп тұр екен, – деген Кенжегүл келіннің сөзін енесі жалғастырды.

– Бұл бір қызық жағдай болды. Атасы жұмысқа барайын деп далаға шықса, тракторы орнында жоқ. Содан тракторды кімнің мініп кеткенін білмей дал болдық та қалдық. Бір уақытта кеше ғана келін болып түскен Кенжегүліміз тракторды гүрілдетіп айдап келе жатыр. Атасы оған риза болып қарап тұрып: «Менің келінім трактор айдай алады екен» деген еді. Осы оқиғадан кейін Кенжегүл «Атасының тракторын айдап кеткен келін» атанды, – дейді Гүлзейнеп апа.

– Апам 85 жасқа аяқ басты. Ешкінің сүті дәрумендерге бай болғандықтан, тек соны ішеді. Апамның көзі де жақсы көреді. Әлі күнге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді. Бақшада түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерді егіп, баптайды. Былтыр жазда үйге аудан әкімі Ғани Рысбеков келіп, апамның хал-жағдайын сұрады. Сонда есік алдында жайқалып тұрған гүлдерді көріп: «Ауланың сәнін келтірген әдемі гүлдерді өзіңіз ектіңіз бе?»  деп маған қарады. Гүлдерді енем егіп, күтіміне де өзі қарайтынын айтқанымда таң қалды, – дейді Кенжегүл келін.

Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ана перзенттерінен 120-дан астам немере, шөбере көріп отыр. «Той-жиынға жинала қалсақ, Аллаға шүкір, бір қауым ел боламыз» деп күліп қояды.

Әңгімеміздің соңында «Апа, қыздарыңыздың үйіне жиі барып тұратын шығарсыз?» деп сұрадық. «Қыздардікіне барғаныммен, сол күні үйге қайтып келемін. Өйткені, бөтен жерде мазам қашады. Осы алтын келінімнің жанында болсам ауырмаймын, – деді Гүлзейнеп апа.

Ене мен келіннің бір-біріне деген сыйластығына, құрметіне риза болып, «Шіркін-ай, қазақтың әрбір шаңырағы осындай қамқорлық пен мейірімге толы болса ғой» деген оймен қайттық.

 

Ләззат САРЫБАЕВА.