ТҮРКІСТАН: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ТАЛАПҚА САЙ БОЛУЫ КЕРЕК

795

Түркістан қаласында 110 кВ солтүстік қосалқы стансасы салынып жатыр. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін Түркістан қаласының индустриалды аймағында орналасқан шағын және орта бизнес нысандарымен қоса, қаланың «Бекзат», «Бірлік» шағынаудандары және жақын маңда орналасқан Сауран ауданының Теке, Нұртас елді мекені тұрғындары, әлеуметтік, шағын бизнес нысандары сапалы, тұрақты электр қуатымен қамтылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осыған байланысты құрылыс алаңында болып, жұмысшылармен кездесті. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.

 

Бүгінде қосалқы стансаның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Тура бір жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстарын келер жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 6 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған.

– Түркістан облысы және осындағы индустриалды аймақтар үшін электр қуатының маңызы зор. Қуат көздерін арттыру, сапалы электрмен қамту өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан бұл стансаның құрылысы уақтылы аяқталуы тиіс. Әлі де мұндай жобаларды көбейту жолын қарастырамыз. Өндірісті, кәсіпкерлікті дамытамыз десек қуат көздері мен инфрақұрылым сақадай-сай болуы тиіс, – деді Дархан Амангелдіұлы.

Өңір басшысы Сауран ауданындағы жиһаз цехында болды. 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жылына 2500 дана жиһаз шығарады. Кәсіпорын жұмысын кеңейту үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, жұмыс күші екі есе артпақ.

Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығы Шорнақ елді мекенінен 38 гектар жер бөлініп, мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтерді. Онда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және Мәдениет үйі орналасады. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді.

– Сауран ауданын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы керек. Әкімшілік ғимараттары мен осы аумақтағы нысандардың сәулеті бір-бірін толықтырып тұруы қажет, – деген Дархан Сатыбалды Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековке тапсырмалар берді. Мердігерлермен пікір алмасып, ұсыныстарын тыңдады. Жауапты басқарма басшыларының аудандағы нысандарды қаржыландыру бойынша ойларын білді.

Жергілікті бюджет есебінен осындағы 3 мектептің құрылысына 1 млрд. теңге қаралған. Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орынды мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекендерінде  де салынып жатыр.

Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына да Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы мен футбол алаңшасын салуға 530 млн. теңге қаралған. Автомобиль жолдары да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.