ӨНЕГЕЛІ ЖАНҒА АРНАЛҒАН   ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

230

Бүгін М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде Манап Өтебайұлының туғанына 85 жыл толуына орай, «Дәстүрлі тәрбие – сапалы білім» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі», «Құрмет белгісі», «Парасат» орденінің иегері және өңіріміздің Құрметті азаматы, меценат – Өтебаев Манап Өтебайұлы – өз ортасында дара тұлғаға айналған, жұлдызы жарық, біртуар қазақтың азаматы болатын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақ халқының дана сөзі осы жиынның мақсаты десек қателеспейміз. Аптал азаматтың өмірі мен өнегесін, жастарды тәрбиелеудегі орнын кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, ұстаздық жолы мен түрлі салалар бойынша атқарған жұмыстарын дәріптеу мақсатындағы іс-шара тағылымы мол ұстазды еске алумен басталды. Жиында арнайы шақырылған қонақтар, қызы Гүлнар Манапқызы сөз сөйлеп, М.Өтебайұлы туралы естеліктерімен бөлісіп, колледж алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

– Манап Өтебайұлының өнегелі ісі бізге, келешек ұрпаққада өнеге. Меценаттығы, жетімді жебеп, қомқор болуы кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Колледждің мәртебесін көтеріп, материалдық-техникалық базасын заманауи құралдармен жабдықтап, шәкірттері үшін жаны шырылдап жүретін, – деді жиында сөз алған қоғам қайраткері, ардагер-ұстаз Сайлаукүл Барақова.

Жиынға қатысушылар оқу ғимаратының материалдық-техникалық базасымен танысып, М.Өтебайұлының өмірі туралы бейнебаянды тамашалады. Колледж студенттерінен құралған домбыра оркестрінің орындауында концерттік бағдарлама ұсынылды. Конференцияда баяндамашылар М.Өтебайұлының жастарды рухани құндылықтарға, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге бағытталған еңбектері туралы баяндады.