ПОЛИЦЕЙЛЕР ОҚУШЫЛАРҒА ЭКСКУРСИЯ ҰЙЫМДАСТЫРЫП, ЖАУЫНГЕРЛІК-ҚЫЗМЕТТІК ДАЯРЛЫҚТАРЫН КӨРСЕТТІ

176

Түркістан облысы Полиция департаменті Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының қызметкерлері мектеп оқушыларына арнап, экскурсия ұйымдастырды. Яғни мектептердегі алғашқы әскери дайындық сабақтарына бастамашылық етіп, жас сақшыларды полиция қызметімен таныстырды.

Мұндағы негізгі мақсат — «Отан қорғаушылар күні» мерекесі аясында, Отан қорғаудағы жасампаздықтың ерлігін жас ұрпаққа дәріптеу, бейбіт күнде ел тыныштығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы полиция қызметінің маңыздылығын көрсету.

Тәртіп сақшыларының ауыр әрі жауапкершілігі жоғары қызметі жайлы бір күндік жауынгерлік-қызметтік даярлығы барысымен таныстыру.

Іс-шара «Жас сақшыларды» сапқа тұрғызу рәсімімен басталды. Одан әрі мектеп оқушылары полиция қызметкерлерінің арнайы құралдарымен жабдықталған киім үлгісі, арнайы қару-жарақтары мен құралдары, техникалары, сондай-ақ Полиция департаментінің оқу-жаттығу базасымен танысты.

Сонымен қатар Полиция департаментінің атыс тирінде «Макаров тапаншасынан» түрлі жаттығулардан практикалық атыс сабақтарының өту барысы көрсетіліп, сақтық ережелері үйретілді.

Ал Полиция департаментінің күрес залында жауынгерлік күрес тәсілдері бойынша жаттығулар көрсетіліп, полиция қызметкерлерінің заң шеңберінде дене күшін қолдануы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде жоғары сынып оқушылары танымдық, ерекше әсер сыйлаған іс-шара үшін тәртіп сақшыларына алғыстарын білдірді.