АНАСЫН КӨРУДІ АҢСАҒАН САРБАЗ
Ешмұратов Әбділлә (Әкпаш) атаның бозбала шағы сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келген екен. Жасы он жетіге енді толған жасөспірім жігіт «комсомолға өтемін» деп өзіне артық бір жас қосып алып, әскерге кетеді. Оларды Өзбекстанның Ферғана облысына апарып алты ай бойы әскери-оқу жаттығуларына үйретеді. Ауылдан алыстап шыққан қара сирақ балаларды осылайша ұрыс даласында қайсарлықпен шайқасуға шыңдайды.
Әкпаш үйінің үлкені. Елге палуандылығымен есімі танымал әкесі өмірден ерте өткен. Анасы Қыздаркүл ауылдағы жасамыс әйелдерден бастап кекілі желбіреген майда қыздарға дейін мойнына дорба байлап масақ тереді. Үйде Әкпаштың өзінен кейінгі 13 жасар Сайлаукүл атты қарындасы мен Сейділлә, Сейітхан деген 5 және 1 жасар інілері қалады. Қарындасы Сайлаукүл анасымен еріп еріксіз таң бозарғаннан масаққа шығады. Масақты кептіріп, бидайынан ажыратады. Тұлымшағы желбіреген Сайлаукүлдің балалық шағы сағымға айналып, өмір ерте есейтіп жібереді. Ауылда еркек кіндік қалмай, бәрін соғысқа жібергендіктен, өңшең қатын-қалаш қалған ауыл шеті сол жылдары «Қырық қыз» деп аталып кеткен екен. Ол кезде трактор, тағы басқа қазатын құралдары бар техника деген атымен жоқ, әлгі масаққа шығатын қыз-келіншектер енді жабылып Жаңақорған ауданы Төменарық ауылының ұзын-сонар каналын талдырмаш белі талғанша өз қолдарымен қазған екен. Бұл ауылдағы ауыр жағдай…
Жат елде жаттығуларды түгелдей меңгеріп, қайсарлығымен көзге түскен Әкпаш Отан үшін жан қиюға дайын екенін білдіріп, өз еркімен соғысқа аттануға бел буады. Осылайша сол маңдағы ауылдың боздақ балаларын лық толтыра тиеген екі вагон Түркістан стансасы арқылы соғыс даласына қарай өтпек болады. Әкпаш жігіт бұл туралы үйіндегілерге «Апа. Біз Түркістаннан өткелі жатырмыз. Бәріңді сағындым, мені көруге келіңдер» деп хабар жібереді. Ауылы Жаңақорғанның Бесарық стансасында еді…
Соғысқа аттанып бара жатқан ұлын ел қатарлы бір көріп, құшағына басуға еш шарасы болмаған Қыздаркүл апа етегі жасқа толып:
«Қайтейін белімді будым,
Қу соғысқа қарсы-ай тудым», — деп амалсыз еңіреп егістікке кете барады. Ұлының алдынан шыға алмаған өкініші өмір бойы өзегін өртейді. Соғысқа аттанған жақындарымен кездесуге асыққан халық жапа-тармағай стансаға қарай ағылады. Алыстан поездің дауысын естіп орамалы желбіреп жүгірген аналар, әкелерімен, аға-інілерімен қауышуға сабылған бала-шаға, ығы-жығы халық. Майданға аттанып бара жатқандардың арасында Әкпашпен бірге көршілес Қосүйеңкі ауылының да сарбазы болған екен.
Күндіз-түні аяулы анасын, қимас бауырларын құшағына басып бір иіскейтін күнді сарыла күткен, хабар тиген соң ең болмаса бірі келіп қала ма деп екі көзі төрт болған Әкпаш стансаның ана басынан мына басына алақтап зыр жүгіріп туыстарын іздегенін көрші ауылдың баласы көрген екен. Анасын, бауырларын сағынып, кездесуді аңсаған, осы кездесудің ең соңғы екенін сезгендей шарқ ұрып жүгірген, бірақ сол күйі ешкімді кездестіре алмаған бозбаланың сол кездегі сезімі араға 75-80 жыл өтсе де басылған жоқ. Осы сөзбен жеткізе алмас сағыныш сезімінің көрінісі көрші ауылдың баласының көзінде мәңгіге қалған. Ол соғыстан еліне аман оралған соң сол күні көргенін Әкпаштың жақындарына жеткізді. Өкініш сезімі одан сайын өршіп, ұрпақтың санасында мәңгі сақталады, көзден моншақтай жас ағып, жүрек түбінде шер болып қатады, алайда сол шемен болып қатқан сезім аталарының Отан үшін көрсеткен ерлігі мен қайтпас қайсарлығы үшін мақтаныш сезіміне ұласады! Ұрпағына сол патриоттық қасиет дарып, батыр ата атына кір келтірмеуге талпынады! Одан кейін Әкпаш сарбаздан екінші рет хат келеді. Онда Ленинград облысының Киров ауданында майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүргенін, жанында өзі сияқты бозбалалардың жауды жеңу үшін соғысып жатқанын айтады, іні-қарындасының жағдайларын сұрайды. Бұл өмірге құштар, елін сағынған, бейбіт елін көру үшін аянбай жан беріскен жас сарбаздың соңғы хаты еді…
Одан соң хат-хабар біржолата тоқтайды… Кейін ауылға соғыстан жараланып қайтқан жауынгерлердің бірі Әкпаш ауылдасы мінген вагонға бомба түсіп жарылғанын өз көзімен көргенін қайғыра отырып жеткізеді…
Бүгінде жас сарбаздан осы жалғыз сурет қана сақталған. Төрден тапжылмай орын алған сурет ұрпағының есінде мәңгі жас күйінде сақталады…
Болашақ ұрпағының БЕЙБІТ ӨМІРІ, ХАЛЫҚ БІРЛІГІ үшін жанын қиған, сұм соғыста шейіт болған ардақты батыр аталарымыздың ерлігі мәңгі есімізде сақталады…