АУЫЗ СУДЫҢ МӘСЕЛЕСІ ҚАШАН ШЕШІЛЕДІ?

88

Қаратау ауданына қарасты Қайнарбұлақ елді мекенінде 60 мыңнан аса халық қоныстанған. Шаһарда ауыз суды кестемен тұтынып отырған елді мекеннің бірі – осы Қайнарбұлақ. Қазір аталған елді мекенде бірнеше инфрақұрылым жүйесі қатарынан тартылуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қайнарбұлақтағы осы инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстардың жай-күйін білу мақсатында арнайы барды.
Дәл қазіргі күні Қайнарбұлақты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы ұзындығы 329 шақырымды құрайтын құбыр жүйесі жүргізілуде. Бүгінге дейін 170 шақырым құбыр тартылып, жұмыстың 75 пайызы орындалған. Жылдың соңына дейін жобаны толық аяқтау межеленген. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекемелерге жұмысты ширатуды, әрі соған сай сапалы орындауды тапсырды.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ елдімекенінде электр қуатын тарату бекетіндегі 35 трансформатор бойынша 50 шақырым электр желісінің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде жаңақұрылыс аумағында 2 760 абонент сапалы электр жарығына қосылуға мүмкіндік алды. Қазір мұнда абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысандар іске қосылған жағдайда елді мекен электр қуатымен 100 пайыз қамтылады.
Жалпы қала аумағында шағынаудандарды сапалы жарықпен қамту бойынша қосалқы стансаның және 4 нысанның құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңына дейін электр қуатымен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға жеткізіледі. Сонымен бірге Қайнарбұлақ елдімекенін табиғи газбен қамту жұмыстарын «Отау Строй» ЖШС-і кестеге сай жүргізіп келеді. Елді мекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстарының жобасы ауқымды болуына орай газдандыруды 2024 жылы аяқтау жоспарланған.

Айналма жол кәсіпкерлікке де ыңғайлы

«Жол – экономиканың күре тамыры». Жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобилді болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашады. Халық саны 1 миллионнан асып, жедел дамып келе жатқан шаһар үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен 2022 жылы үшінші мегаполисте 158 нысан бойынша жалпы ұзындығы 289 шақырым жолдарда құрылыс, қайта құру және жөндеу жұмыстары, оның ішінде жаңадан салынған және қайта құрылған 3 нысан болса, 152 нысанда орташа жөндеу және 3 нысанда күрделі жөндеу жүргізілген. Орташа жөндеуден өткен көшелердің арасында 9-ы магистральды жол. Олар – Республика даңғылы, Т.Рысқұлов, Ғ.Иляев, Ж.Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Мангелдин және К.Тоқаев көшелері. Сонымен қатар өткен жылы 123 шақырым топырақ көшеге шағал тас төселіпті. Ал 2023 жылы 201,7 шақырымдық 253 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүреді. Сондай-ақ, биыл 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Көлік қатынасына оң ықпалын тигізетін құрылыстың бірі – «Оңтүстік» айналма жолы. 16 шақырымды құрайтын айналма жол көлік кептелісін азайтып қана қоймай, жол бойындағы елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына да ықпал ететін болады. Қала әкімі М.Әйтенов айналма жолдың құрылыс жұмыстарымен танысты. Ленгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолға дейінгі аралықты қамтитын көшенің ені 9 метрді құрайды. Осыған дейін жол құрылысының 50 пайызы орындалған. Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі бөлігі дайындалған.
Қала әкімі жауаптыларға жол құрылысы барысында туындаған өзекті мәселелерді шұғыл шешіп, жұмыстарды сапалы жүргізуді тапсырды.