ЕЛ ЕКПЕДЕН НЕГЕ ҚОРҚАДЫ?

158

Мамыр, маусым айлары — қызылша мен қызамық ауруларының жиілейтін кезі. Бала ағзасында едәуір қиын өтетін кеселдің сауығу кезеңінің ұзақтығымен қоса, жұқпалылығы тағы бар. Сол себепті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен арнайы екпе кестесіне сәйкес, маусымдық аурулардың алдын алып, кеселмен күресті күшейтетін иммунитетті қалыптастыру мақсатында біздің елде де екпе егіледі. Алайда, екпенің құрамы мен пайдасына күдіктене қарап, екпе салдырудан бас тартып жатқан ата-аналардың қатары азаймай отыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары екпеден бас тартқандардың 45 пайызы үгіт-насихаттың аздығынан, ал 43 пайызы діни көзқарасқа байланысты, 6 пайызы БАҚ, интернет-ресурстардан алған жағымсыз ақпараттардың әсерінен бас тартса, қалған 6 пайызы екпе сапасына күмәнмен қарайтынын айтқан. Екпеден бас тарту баланың болашағына қауіп төндіретін қате шешім бе? Оның қандай зардаптары бар? Екпеден бас тартқан елдерде ахуал қалай? Шет елден келетін екпелер қандай тексерулерден өтеді? Көкейдегі сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

 

 

Вакцинадан бас тартқандар

2017 жылдан бастап Еуропа елдерінің халқы да екпеден бас тарта бастаған. Салдарынан қызылшамен сырқаттанғандардың саны артқан. Ең көп жағдай Румынияда тіркеліп, 9 мыңға жуық науқастың 35-і қайтыс болған. Италияда 4 мыңнан астам адам қызылша жұқтырып, оның үшеуі бақилық болған. Грекияда 2017 жылдың мамыр-қыркүйек айлары арасында 100 мыңнан астам адам қызылшамен сырқаттанған. Қызылшамен сырқаттану Австрия, Бельгия, Болгария, Венгрия, Германия, Исландия, Испания, Португалия, Чехия, Швейцария, Швеция, Франция елдерінде де тіркелген. Батыс елдері жұқпалы дерттің өршуін халықты вакцинациялаудың төмендігімен байланстырған.
Инфекцияның иммундық алдын алу шарасын 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер екпе жасаудан бастаған екен. Шешекке қарсы екпе бекеттерін Лондонда ашқан Дженнер ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, инфекциялық аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Ал, қазақ топырағында шешекке қарсы екпе әдісін 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы енгізген. Демек, қазақ даласында бұл әдісті еуропалықтардан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған. Ал, бүгінгі таңда екпелердің барлығы шетелден әкелінеді. Көпшілік көкейіндегі екпе құрамына деген күдік содан болса керек.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде оба инфекциялық ауруына ғана қарсы екпе шығарылады. Ал, екпенің басқа түрлері Франция, Бельгия, Үндістан, Ресей, Корея және Жапонияда өндіріледі. Министрлік екпенің құрамына күдіктеніп, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін алға тартып отыр. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ мақұлдаған екпе түрлерін ғана сатып алады.
Елге әкелінетін екпелер мемлекеттік тіркеуден өтеді. Ал, тіркеу кезінде вакциналарды бірнеше кезеңдік зертханалық тексеруден өткізеді. Шетелден әкелінген екпелердің барлық партиясы дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығында арнайы тексеріледі. Екпенің қауіпсіздігі расталған кезде ғана медицина ұйымдарына таратылады. Ал, вакцинамен жұмыс істейтін мамандар екпені егу, қолдану бойынша арнайы дайындықтан өткізіледі.