БҮГІНГІ ЖОЛДАУ КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢДЕГІ КҮРМЕУЛІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ!

196

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта әлемдік геосаясат ушығып тұр. Мұны мемлекет басшысы да айтты. Санаулы уақыт ішінде бір ғана елдің емес, күллі жаһанның болашағына әсер ететін шешімдер қабылданып жатыр. Дәл осындай жауапты кезеңде қоғамның сан түрлі саласының қатар дамуы үшін жалпы мемлекеттің басты мақсаты, даму бағдары айқындалуы тиіс. Осы орайда, бүгін жарияланып отырған құжаттың маңызы зор, мәні жоғары.

Саяси оқиғалардың шиеленісуі экономикаға ауыр зардаптар әкелумен қатар зор мүмкіндіктер кезеңін тудыратыны белгілі. Аталған мүмкіндікті еліміз қолдана алды деп есептеймін. Мұны мемлекет басшысы да тілге тиек етті. Еліміздің экспорттық әлеуеті артты. Сауда-саттық күшейді. Әйткенмен дәл қазіргі қалпымызда қала алмасымыз анық. Сондықтан ел президенті өнім шығаратын кластер құру тапсырмасын жүктеді. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Шымкент қаласында көптеген өндіріс орындары ашылды. Инвестициялық жобаларды қолдау барысында импорттық өнімдерді алмастыруға ықпал ететін бастамаларға басымдық берілді. Осының өзі өңірімізде мемлекет басшысы атап айтқан жұмыстардың жанданып жатқанын айғақтайды. Экономиканы әртараптандыру арқылы өндіруші мемлекеттен өңдеу өнеркәсібі дамыған елге айналу – заман талабы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының жүктеп отырған тапсырмасымен жандана түседі деген ойдамын. Оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі де бар. Әлемдегі логистикалық тізбектің бұзылуымен базардағы бағаның қымбаттап шыға келгенін әлеумет ұмытқан жоқ. Сондықтан бұл бағыттардың қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызы зор.

Мемлекет басшысы атап айтқан тағы бір басым бағыт – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту. Мұның маңызын әлемде болып жатқан оқиғалар айқын көрсетті. Қазіргі таңда импортқа иек артып, өзгеге сенуге әсте болмайды. Қуатты әскер – қоғам тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әскерімізді жоғары технологиялы қару-жарақпен, әскери техникамен, оның ішінде мемлекет басшысы атап айтқан бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықтаудың маңызы зор. Бүгінгі Жолдауда айтылған бағыттар мен жүктелген тапсырмалар қорғаныс саласының тамырына қан жүгіртіп, қуатты әскер жасақтауға негіз болады деген ойдамын.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісінің де ел дамуындағы маңызы айрықша. Бұл жөнінде мемлекет басшысы «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек» деп атап өтті. Бұл дегініміз — алдағы уақытта елімізде ірі компаниялар пайда болады деген сөз. Ал одан қоғамның ұтары көп. Өйткені аталған саланың дамуы ауылдың гүлденуіне, шалғайдағы елді мекендерде жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халықтың табысының артуына, бағаның тұрақтануына әкеледі.

Мемлекет басшысының Жолдауында оңтүстіктегі диқандардың мәселесін шешетін бастама айтылды. Осы уақытқа дейін еліміздің күнгейінде ағын су тапшы болып, шаруалардың еккен егіні шықпай, қурап қалған жағдайларды көзіміз көрді. Тіпті, бұл түйткіл мемлекетаралық мәселеге айналған сәттер де болды. Сондықтан да мемлекет басшысы қоғамның көтеріп отырған түйткілін тап басып, қала берді ағын судың алдағы уақытта өзекті мәселеге айналарын жіті түсініп, Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылатынын мәлімдеді. Бұл саладағы мәселенің шешілуіне үлкен септігін тигізеді деген ойдамын.

Жалпы мелекет басшысының Жолдауында қоғам күткен көптеген мәселе қаралды. Жылдар бойы тозып, тозығы жеткен жылу электр станцияларының мәселесі, логистиканы дамыту, елімізді Еуразиядағы ең үлкен транзит хабы ретінде дамыту, жол саласының түйткілдерін тарқату, ІТ саланы жетілдіру, креативті индустрияны ілгерілету, халықтың қаржылық сауатын арттыру, білім саласына айрықша көңіл бөлу – барша-баршасы көптің көкейінде кілкіп тұрған өзекті сауалдарға берілген нақты жауап болды. Осы тұста айта кетерлігі, қуатты елді, гүлденген қоғамды, мықты экономиканы халықтың бірлігі мен ынтымағынсыз құру мүмкін емес. Сондықтан да Отанымыздың тәуелсіздігі тұғырлы, келешегі кемел, бүгіні берекелі болуы үшін жұмыла жұмыс істеп, біріге болашаққа қадам басуымыз керек! Елдің ертеңі әрбіріміздің қолымызда!

 

Талғат БАЛТАБАЕВ,

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мәслихаттағы AMANAT партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары.