«ДАЛАДА КЕНЕДЕН, АС ҮЙДЕ ТАҒАМНАН САҚТАНЫҢЫЗ»
Н.МИРЗАГЕЛДИЕВ, Сауран аудандық СЭББ басшысы:
«ДАЛАДА КЕНЕДЕН, АС ҮЙДЕ ТАҒАМНАН САҚТАНЫҢЫЗ»
Бұған дейін Сауран ауданы құрылғалы бері ешбір сала басшысы журналистерді жинап, БАҚ өкілдеріне өздерінің атқарып отырған жұмыстары жөнінде ашық та еркін форматта брифинг бермеген еді. Сауран аудандық санитарлық–эпидемологиялық басқарма басшысы Нурдулла Мирзагелдиев БАҚ өкілдерімен кездесіп, кене шағудан туындайтын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және тағамнан уланудың алдын алу туралы толыққанды мәлімет берді.
Оның айтуынша, аудан бойынша тұрғындар арасында жыл сайын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан эпидемиологиялық қолайсыз жағдай сақталуда. Сауран ауданы бойынша жыл басынан бері тұрғындар арасында кенеден зардап шеккендер саны – 64 адамға жеткен. 2022 жылы осы мезгілінде 48 жағдай тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда – 16 жағдайға өсіп отырғандығы байқалды. 2023 жылы КҚГҚ диагнозымен 5 науқас тіркеліп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш – 5,1% құрады. Зертханалық зерделеуге алынған талдаумен –екі науқас, Жүйнек ауылдық округі, Шекербұлақ елді мекенінде «оң» нәтижемен тіркелді. Ресми тіркелген ауру ошақтары Шекербұлақ, Бабайқорған, Шаға ауылдарында індетке қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Жылдар бойы тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан аурудың алдын алу бойынша іс шаралар, санитарлық-ағарту жұмыстары өз жемісін бермей келеді. Атқарылған іс шаралар өте сапасыз немесе тек есеп үшін қағаз жүзінде өткізілуде. Себебі, тіркеліп отырған күдікті науқастар емдеу мекемелеріне өздері жүгінген. Бірде бірі сырқат белсенді түрде алдын ала анықталмаған. Мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі былай тұрсын, адам өліміне дейін жеткізу жағдайы тіркелді. Мәселен, «ККГҚ, ықтималды жағдай» ауыр дәрежелі диагнозымен Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жүйнек ауылы, А.Байтұрсынов көшесі №2 үй тұрғыны 2008 жылы туған Айтбай Төретай Мұратбекұлы Түркістан қалалық орталық ауруханасының бокс палатасына оқшауланып, ККГҚ-на зертханалық талдаумен расталып, науқас 17.06.2023 жылы таңғы сағат 8:30 шамасында қайтыс болды.
«ККГҚ, ықтималды жағдай» ауыр дәрежелі диагнозымен Түркістан облысы, Сауран ауданы, Жүйнек ауылы, Ерубаев көшесі 19 үй тұрғыны науқас 1977 жылы туған Бессулов Бауыржан Абылайұлы зертханалық зерттеулер хаттамасына сәйкес КҚГҚ-на «оң» нәтижемен анықталды. Қазіргі таңда Түркістан қалалық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінде ем алуда.
Жыл басынан зоологиялық-паразитологиялық топ құрамдарымен ағымдағы жылдың бүгінгі таңына дейін Сауран ауданына қарасты елді мекендерден барлығы – 1417 дана кене жиналып, жиналған кенелер зертханада тексеріліп, зоонозды және аса қауіпті инфекцияларға микробиологиялық зерттеу хаттамасында Шаға ауылдық округі Шоқтас елді мекенінен алынған кенелерден КҚГҚ «оң» нәтижемен анықталды. Ал, Жүйнек ауылдық округі Шекербұлақ елді мекенінен КҚГҚ ауруының қоздырғыштары анықталған. Бұл өз кезегінде елді мекенде залалсыздандыру жұмыстарының сапасыз жүргізіліп отырғандығының дәлелі бола алады.
Осы айтылған жайлардың төңірегінде журналистердің қойған сұрақтарына жауап берген Нурдулла Абдуллаұлының пікірінен ұққанымыз қазіргі шілденің аптап ыстығы көтерілген кезде, ауылдар мен селолардың тұрғындары тау бөктерлерін жағалап, өзен-көлдердің бойындағы шоғырлы талдарды пана тұтып, көлеңкелеп, жағажай ретінде жата кетеді. Бұл кенелердің бірден-бір шоғырланған тұстары. Қазіргі кезде мектеп бітірушілер, дипломдары қолдарына тиген түлектер таулы, сулы жерге асығады.
«Осындай жастар демалып жатқан кезде кене шақса, ең алдымен не істеу керек, қандай медициналық көмек қажет, кене шаққан адам масаңдау болса, оған дәрігер шара қолдануы мүмкін бе?» деген орынды сауал туындайды.
— Кене шаққан тұста оның ағзаға дендеп енген тұмсығы қалып қояды. Оны болдырмас үшін пинцет секілді қысқашпен тұмсығын да жұлып алып, ол жерді спиртті сұйықтықпен заласыздандыру керек. Сол бойда жақын маңдағы медициналық бекетке барып, шаққан кенені зерттеуге тапсырған жөн, — дейді Нурдулла Абдуллаұлы.
Нурдолла Абдуллаұлының тоқталған екінші мәселесі жаздың ыстық мезгілінде тамақ өнімдерінің әртүрлі микроорганизмдермен ластану қаупі әрдайым артатындығы. Оның ішінде тамақ патогендік организмдерге қолайлы тіршілік ету және көбею ортасы болып табылады. Тамақ өнімдерін өндіруде, сақтауда, тасымалдауда және өткізу кезеңдерінде санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған кезде инфекциялық аурулар мен тамақтан уланулар туындауы мүмкін.
— Тамақтан улану дегеніміз бұл — табиғаты микробты және микробсыз болып бөлінетін ластанған тағамдарды қолдану салдарынан пайда болатын, қарым-қатынас арқылы жұқпайтын ауру. Көктем-жаз айларында тамақтан улану жиі тіркеледі. Тамақтан улануға мерзімі өткен сүт өнімдері, нитраттары көп, ерте піскен тағам өнімдері, үй жағдайында дайындалып жабылған көкөніс консервілері, белгісіз құрамды етпен дайындалған фаст-фуд тағамдары, көп құрамды салаттар, бәліштер, шаурма және т.б. микроорганизмдердің ортасы болып саналады,-дейді басқарма басшысы.
2022 жылы Сауран ауданында жаппай тамақтан улану жағдайлары тіркелмеді. 2023 жылдың өткен тоқсанында ботулизмге күдікті 1 жағдайы тіркелді, 5 зардап шегуші, үй жағдайында бұқтырылған салат өнімін тұтынған. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарымен байланысты тағамнан улану жағдайы тіркелмеді. Алайда, жеке тұлғалалардан 2023 жылдың 6 айына 3 қоғамдық тамақтану нысандарына байланысты арыз тіркелді. Жеке тұлғалардың арызы негізінде жоспардан тыс тексеру тағайындалып 3 хаттама толтырылды, ӘҚБтК-нің 425 бабы 1 бөлігімен 1 заңды тұлғаға, 2 жеке кәсіпкерге 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Тамақ нысандарында жұқпалы аурулар мен тамақтан уланудың алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралар деп объектіге келіп түсетін азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдері нормативтік және техникалық құжаттаманың талаптарына сәйкес келуі және олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарының болуы, жарамды және таза орамада болуы тиіс, «№ҚР ДСМ-16 бұйрығы қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар».
Азық-түлік өнімдерінің сақталу жағдайы оның сақталуына, жарамдылық мерзімдерінің сақталу шартына, тауар көршілестігіне қойылатын талаптарды орындай отырып, қамтамасыз етіледі, «№ҚР ДСМ-73 бұйрығы тамақ өнімдерін көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар». Тағам өндіру, қоғамдық тамақтандыру және сауда кәсіпорындарында өндірілетін және сатылатын тағам өнімінің ассортименті осы объектілердің үй-жай жиынтығына сәйкес келуі тиіс. Кәсіпорын технологиялық және тоңазытқыш жабдықтармен, мүкәммалмен, ыдыс-аяқпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілуі тиіс. Тамақтану объектілеріне жұмысқа түсетін адамдар қабылдау кезінде алдын және белгіленген тәртіппен аттестаттаудан өтуге, жеке гигиена ережелерін сақтауға міндетті, «№ҚР ДСМ-131/2020 алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу туралы бұйрығы».
Өндірістік бақылау бағдарлармаларының жоқтығы «№62 бұйрығы өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар». Объектілердің сәйкестік туралы оңтайлы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының болмауы «№360-VI ҚРЗ Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» эпидемиологиялық мәні жоғары объектілер 1 тарау 3 тармақшасына сәйкес сан.эпид. қорытынды алуы міндетті. Осы кодекстің 1 тарау 4 тармақшасына сәйкес эпидемиологиялық мәні болмашы объектілер қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберу қажет.
Осыншама мемлекеттік, нормативтік актілер бола тұра СЭББ жол бойындағы ерте жаздан қарбыз сатып отырғандарыд тексере алмайды екен. Журналистердің сұрағына лауазым иесінің берген жауабы ешкімді де қанағаттандырмады. Себебі, адам тағамнан уланғаннан кейін ғана СЭББ күдікті нысанға прокурордың рұқсатымен ғана тексеру жүргізе алады екен. Пародокс.
-Соңғы жылдары Мемлекет басшысының кәсіпкерлік нысандарды жосықсыз тексеруге мораторий жариялауына және оның мерзімінің ұзартылуына байланысты құзырлы мекемелер тексеру жүргізе алмайды. Мәселен, жол бойындағы қауын-қарбыз сатып отырғандар жайына келейік. Сіз сол қарбыздан уланғаныңыз жөнінде кассалық шекті, күнін, уақытын. Содан кейінгі өзіңіздің дәрігерлік анықтамаңызды қоса ұсынуыңыз керек,-дейді СЭББ басшысы.
«Дұрысы тағамнан уланбаудың жолдарын өзіңіз таразылап, жол бойынан қауын-қарбыз алғанша, арнайы сөреде тұрған, кассалық аппараты бар, бақшалық өнімнің құжаттарын түгел көрсете алатын супермаркеттерден алғаныңыз жөн»,- дейді мамандар.
Нурдолла Абдуллаұлының айтуынша, тамақтан уланулардың негізгі белгілері: жүрек айнуы, құсу, температураның көтерілуі, денедегі ауырсыну және бас ауруы. Тағамнан уланудың жалпы ерекшеліктері және басқа жұқпалы аурулардан айырмашылығы мынадай. Тамақтан уланған кезде аурудың жіті, кенеттен басталуы,инкубациялық кезеңнің қысқалығы, аурудың жеке адамдар тобында бір мезгілде басталуы, аурудың жедел, қысқа ағымымен сипатталуы, аурудың кез келген бір ғана тағамдық өнімді пайдалануға байланыстылығы. Жалпы жіті ішек инфекциясы және тағамнан уланулардың өршу себептері де көп. Өндірістік бақылау бағдарлармаларының жоқтығы, объектілердің сәйкестік туралы оңтайлы санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауы, жұмыс істейтін тұлғалардың аспаздардың медициналық қараудан өтпегендігі, біліктілігі жоқ, гигиеналық оқытудан өтпеген тұлғалардың жұмыс істеуі, қызметкерлердің жеке гигиена ережелерін сақтамауы, тағам дайындаудың технологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық режимдерін сақтамауы, тағамдар ассортименті бөлмелер жиынтығына сәйкес келмеуі, өндірістік цехтардың қажетті жиынтығының болмауы, асханада шикізатты бастапқы өңдеу үшін жағдайдың болмауы, тоңазытқыштағы тауарлық көршілестіктің сақталмауы, санитариялық – дезинфекциялық режимнің сақталмауы, тоңазытқыш және технологиялық жабдықтардың істен шығуы жиі кездеседі.
Осы орайда, аудан тұрғындарына және қонақтарына ұсынатын кеңестер: қауіпсіз тамақ өнімдерін таңдаңыз, тамақты мұқият дайындаңыз, дайындалған тағамды кідіріссіз ішіңіз, азық-түлік өнімдерін сақтауға мұқият болыңыз, қолды жиі жуыңыз, ас үйді мінсіз таза ұстаңыз, тамақты қауіпсіз жерде сақтаңыз, ауыз суды қолданыңыз.