ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ КӘСІПОДАҚТАРЫ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ШЫМКЕНТТЕ ӨТТІ

166

Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің ІV отырысы өтті. Онда Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері мен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ федерацияларының жетекшілері Орталық Азия өңіріндегі еңбек миграциясы мәселелерін талқылады.

— Орталық Азия елдерінің кәсіподақтары кеңесі аймақтағы 15 миллионнан астам еңбек адамының құқығын қорғау, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға лайықты еңбек стандарттарын қалыптастыру мақсатында қызмет атқарып келеді. Елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда орнықты түрде дамуын көздесек, қоғамда адам еңбегінің әділ бағалануына және жұмыс істеген адамға әділетті төлем жасалуына ықпал етуіміз керек. Себебі, қоғамның орнықты дамуының негізінде әлеуметтік әділеттілік қағидаты жататыны ақиқат. Біз осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттық кәсіподақтардың арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсуге тиіспіз, — деді Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кетейік, кеңес отырысының күн тәртібінде Орталық Азия өңіріндегі еңбек миграциясы, сондай-ақ, ОАЕКК жастар кеңесінің ережесі мен құрамын бекіту мәселелері талқыланды. Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің ІV отырысы өтті. Онда Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері мен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның ұлттық кәсіподақ федерацияларының жетекшілері Орталық Азия өңіріндегі еңбек миграциясы мәселелерін талқылады. Сонымен қатар жиында Орталық Азия аймағындағы ішкі туризмді бірлесіп дамытудың тұжырымдамасы талқыланып, бекітілді.

«Шымкент келбеті»