АУДАН ӘКІМІ ЕГІЗҚАРАЛЫҚТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

117

Егізқара — Майдантал ауыл округіне қарасты 35 шақырым жердегі таудың арасындағы ауыл. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылымен шектеседі. 15 үй, 59 тұрғыны бар. Күн көрісі мал шаруашылығы. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Егізқаралық тұрғындармен кездесуге арнайы барды. Тұрғындар тарапынан көтерілген басты мәселе жайылымдық жер. Сонымен қатар, ауыл мен округ орталығын жалғайтын 35 шақырым жолдың жайы, жарық пен байланыстың жоқтығы, ауыз су мәселелері қозғалды.

Майдантал ауыл округі бойынша 6061 га ортақ жайылымдық жер бар. Тағы да 3800 га жайылымдық жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 35 шақырым жолдың 10 шақырымы жөнделген. Енді 5 шақырым жолға тас төселінеді. Ауыз су мәселесі бойынша, ауылға бұлақтардан су тартатын кешенді блок модуль қою үшін облыстық басқармаға тиісті бөлім тарапынан ұсыныс хат жолданған. Аталған мәселе бойынша кешенді жұмыстар жасалынуда.

Ауылға 2019 жылы мемлекет тарапынан субсидия бөлініп күн сәулесімен қуатталатын арнайы батереялар қойылған. Алайда жарықтың қуаттылығы төмен. Өз кезегінде аудан әкімі заң талаптарына сәйкес жарықтың қуаттылығын арттыру мәселесін қайта қарайтынын жеткізді.

-Егізқара біздің назарымыздан тыс қалмайды, сіздердің тараптарыңыздан айтылған мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болады-деді аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы.

Сонымен қатар, аудан басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мұнан өзге бірқатар мәселені дер кезінде шешу үшін сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.