ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҒИПТАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Халықаралық зағиптар күні — 1745 жылдың 13 қарашасы күні Валентин Гаюи дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Ол Францияда Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы дата Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен Халықаралық зағиптар күні аталып өтті. «Жанарыммен емес, жан жүрегіммен сеземін» деп аталатын шарада аудандағы зағип жандарға ақ дастархан жайылып, құрмет көрсетілді. Аудан бойынша 132 азамат көз ауруы салдарынан мүгедектікке шыққан.
-Жанарынан айырылған. Бұл сөзді есту қандай ауыр болса, осы бейнетпен күн кешу одан да қиын. Десе де, тағдырдың тауқыметіне қасқая қарсы тұрып, қоғамдағы өз орындарын орнықты көрсете білген жандар қашан да құрметке лайық,-деген аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, қоғам өміріне белсене атсалысып жүрген жандарға алғысын білдірді. Мерекелік шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов зағип жандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары тоқтамау керектігін атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Соқырлықтың алдын алу жөніндегі халықаралық агенттіктің соңғы деректеріне сүйенсек, бүгінде әлем елдеріндегі 290 миллионға жуық адамның көру қабілеті нашар екен. Оның 39 миллионнан астамының көзі мүлдем көрмейтін болса, 20 миллионға жуық жасөспірім түрлі көз ауруымен ауырады екен. Ғалымдардың болжамы бойынша, әлемдегі көзі ауыратын балалар саны 2050 жылға қарай 115 миллионға жетуі мүмкін көрінеді. Оған адамдардың өмірінен ойып тұрып орын алған ақпараттық технологияның негізгі себеп болатыны сөзсіз. Ал біздің елімізде өткен жылғы деректерге сәйкес, 86 мың зағип бар болса, оның сегіз мыңға жуығы көзі нашар көретін балалар және 320 бүлдіршіннің көзі мүлдем көрмейді екен.