БОЗАРЫҚТАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІНДЕ 700-ДЕН АСТАМ БАЛА СПОРТПЕН ШҰҒЫЛДАНЫП ЖҮР

144

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Бозарық тұрғын алабындағы № 20 ауыр атлетикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмыс барысын бақылады.

Спорт мектебі биыл қайта жаңғыртудан өтіп, жаңадан спорт кешені салынды.

Нәтижесінде балалар бұған дейін ауыр атлетика, пауэрлифтинг, қол күрес пен кір тасын көтеру спорт түрлерінен жаттықса, олардың қатарына бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес үйірмелері қосылды.

Аталған спорт мектебі 2003 жылы ашылған. Жалпы ауданы – 2403,82 шаршы метр. Бүгінде 729 бала шұғылдануда. Ауыр атлетика 294, бокс 104, грек-рим 68, қол күрес және кір тасын көтеру 38, еркін күрес 62, дзюдо 28 және пауэрлифтингтен 135 бала жаттығуда. Оларға 53 бапкер спорттың қыр-сырын үйретуде.

Қала әкімі тұрғын алаб аумағында балалардың спортпен айналысуына қолжетімділікті арттырып отырған спорт кешенімен танысып, оң баға берді. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту барысын жандандыра түсуді тапсырды. Осы орайда саяжай тұрғыны Александр Юрьевич олимпиадалық стандартқа сәйкес ұзындығы 50 метр, алты жолақты бассейн салу мәселесін көтерді. Қала басшысы бұл мәселені жан-жақты зерделеп, қарастыратынын жеткізді.