ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ҚОЛҒА АЛДЫ

127

Түркістан облысында 2023 жылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыру мақсатында 57 056 (47,5%) жас жұмыспен қамтуға жолданды. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 23 407 жас, яғни 43%-ы орналасты. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды. Жиынға өңірдегі аудан, қаладағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының және қаржылық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары жақсы нәтиже көрсеткен Жастар орталықтарының басшыларына тәжірбие бөлісуді ұсынып, белгіленген межеге толық жетпеген басшыларға үйлестіру-ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

– Сіздерге үлкен міндет жүктелген. Әрқайсысыңыз аудан, қала жастарына жауаптысыздар. Жастарды сүйемелдеу, бағыттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу – сіздердің мойындарыңызда. Оларды ауыл шаруашылығынан бөлек, басқа да тың жобаларға, кәсіптерге тартыңыздар. «Бизнес идея» конкурсын ұйымдастырылып, 2,5% көлеміндегі жеңілдетілген несие бойынша түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілсін. Қаржылық ұйымдармен бірлесе отырып, жастарға кәсіп ашу, несие алу жолдары туралы оқыту жұмыстарын жүргізу керек. Биыл колледждерде заман талабына сай, сұранысқа ие 10 жаңа мамандық ашылады. Сол туралы жастарды құлағдар етіңіздер. Мемлекеттік мектептерден бөлек, жекеменшік мектептермен де мамандық таңдау бойынша профориентациялық жұмыстар жүргізу қажет. Жақсы көрсеткіш көрсеткен аудандар пайдаланған тәсілдеріңізді басқа аудандардағы әріптестеріңізге үйретіңіздер. Жастар арасында қылмысты азайту бағытындағы жұмыстар күшейтілсін. Осы мемлекеттік бағдарламалар есебінен жастар арасындағы проблемалардың бірқатары шешілуі тиіс,

– деді Бейсен Тәжібаев.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаевтың баяндауынша, өткен жылы жұмыс орындарын субсидиялауды ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікті қолдау, уақытша жұмыс орындар сипатындағы қамту шараларына 19 203 жас қатысты. Оның ішінде, жастар практикасымен 9007 адам жолданса, тұрақты жұмысқа 23407, қоғамдық жұмысқа 6350, әлеуметтік жұмыс орындарына 1716, алғашқы жұмыс орнына 2130 азамат орналасты. Мемлекеттік грантқа 702 азамат ие болды. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға – 11740, enbek.kz платформасында онлайн оқытуға – 1808, қысқа мерзімдік кәсіптік оқытуға 196 азамат жолданды.

Жиын барысында әр аудан, қаладағы Жастар ресурстық орталықтарының басшылары биыл ұйымдастырылатын ауқымды іс-шаралар мен жобаларды таныстырды. Жобаларды ұйымдастыруда отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жастардың көшбасшылық қабілетін арттыруға ден қойылған. Мәселен, аудандық деңгейде ұлттық ойындарды жаңғырту мақсатында «Мергендер» сайысын, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Плоггинг» тазалық іс-шарасын, отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлағатты ана – ұлт мерейі» аналар мен қыздар форумын, білімді орта қалыптастыруды көздейтін «Жастар – БИЗНЕСТЕ», «Әр күн – жаңа мүмкіндік» атты семинар-тренингтер өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстық деңгейде әскери-патриоттық «Біз жауынгер» жобасы, «Al-Farabi» интеллектуалды шоуы секілді жаңашыл және жастар арасында сұранысқа ие желілік жобалар ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, өнерді шыңдауға бағытталған «Түркі елдерінің талантты жастары» халықаралық талантты жастар тележобасы қолға алынбақ.

Жобалармен жіті танысып шыққан облыс әкімінің орынбасары іс-шараларды ұйымдастыруда отбасылық құндылықтарды насихаттауға басымдық беру керек екенін түртіп, лудомания, суицид секілді қазіргі заман дерттеріне қарсы шараларды қолға алуды, қажетсіз жобаларды қысқаруды ұсынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысындағы халық саны 2,1 миллионды құраса, соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 654 мыңнан асады. Бұл – өңір халқының 30 пайызы.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі