ТЕК АДЫМДАП АЛҒА БАСА БЕРІҢІЗДЕР, ОРДАБАСЫЛЫҚТАР!

70

Тасын түртіп, топырағын ұстасаң, өткенінен сыр шертер Ордабасы өңірі тұнған тарих. Əлі күнге тау баурайындағы 40 бұлақтың аттарын сол цифрға жеткізе алмай келеміз. Осыдан үш ғасырға жуық уақытта қаншама батырлар мен билеріміз дүбірлетіп, жауға шабуылды бастап, жеңіске жетуінің өзі бұл өңірдің тауы мен тасының жай емес, киеге тұнған екенін көрсетсе керек.

Иә, сол бір дүбірлі де қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешкен Ордабасы атауын иеленген ауданға биыл 60 жыл толып отыр. Ең қуаныштысы, 10 ауылдық округте 127 мыңнан аса халқы бар аудан бұл күнде күннен-күнге көркейіп, гүлденіп келеді. Биылғы жылдың бес айының қорытындысы бойынша облыста алдыңғы қатарлы орыннан көрініп, аудан халқының мерейі үстем болып отыр.

Өнеркәсіп саласында 2023 жылы 33,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілген (106,5%), оның ішінде 29,2 млрд. теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі (108,6%). Ал, ағымдағы жылдың 5 айында 14,5 млрд. теңгеге өнім өндірілді (109,7%).

2024 жылға ӨНЕРКӘСІП өнімінің көлемін 37,5 млрд. теңгеге, өңдеу өнеркәсібінде өндіретін өнім көлемін 32,6 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, 2023 жылы негізгі капиталға 39,5 млрд. теңге инвестиция бағытталып, (102,3%), 10,7 млрд тг 8 ірі жоба іске асып, 307 жұмыс орны ашылды.

5 айдың қорытындысымен ауданға 10,2 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 26,1 пайызды құрады. Оның ішінде, өнеркәсіп саласында құны 4,2 млрд.теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске асып, 133 жұмыс орны құрылды.

Жыл соңына дейін құны 6,9 млрд. теңгеге, 354 жаңа жұмыс орнымен 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Өткен жылы ауылшаруашылығы саласында 75,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе (101,4%), ағымдағы жылдың

5 айында 15,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді (107,1%). Ал, осы жылдың қорытындысымен өнім көлемін 83,2 млрд. теңгеге жеткізу, яғни 1,2 есеге арттыру жоспарланды (2023 ж. – 68,2 млрд.теңге).

Міне, осы цифрлар-ақ ауданда ірі жұмыстардың жүріп жатқанын көрсетеді.

Қай сала болса да дамып, халыққа қызмет көрсету де жақсарып келеді. Əсіресе, аудан орталығы Темірлан айта қаларлықтай гүлденуде. Бадам, Шұбарсу, Төрткүл, Бөржар, Шұбар аумақтары ауыл шаруашылығы мен өнеркəсіп өнімдерін өндіруде де, шағын және орта бизнесті қолдауда да, көгалдандыру мен тазалық сақтауда да алда келеді. Темірланға кіре берістегі Шәмші алаңы, этноауыл ауданды онан сайын көріктендіре түспек. Самаладай жарқырап, ертегі әлемін еске түсіретін түнгі Темірланға қызықпайтын жан жоқ шығар.

Иә осының бәрінде аудан әкімі Азат Оралбаев бастаған, аудан, ауыл әкімдік қызметкерлері, ауыл тұрғындары қоштаған ерен еңбек жатыр.

Алға адымдап баса беріңіздер, туған жердің азаматтары!