САУРАНДА МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА БАСПАНА БЕРІЛДІ

94
Бүгінде қоғамда қайырымдылық жасап, елге қол ұшын созатын азаматтар көбейіп келеді. Соның бірі – Сауранның белсенді азаматы Алмат Нұрымбетов. Оның бастамасымен жағдайы төмен 2 отбасыға баспана берілді. Бұл қайырымдылық іске ауылдың белсенді жастары, аудандық мәслихат депутаттары және жеке кәсіпкерлері бірлесе үлес қосты. Айтулы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов, ауданның белсенді азаматшасы Бибімария Қарабалаева және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысып, игілікті іске атсалысқандарға алғыс білдіріп, қоныс той иелерін құттықтады. Сонымен қатар аудан әкімі мұқтаж жандарға баспана салып, тарту еткен азаматтарға алғыс хат табыстады.
«Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген тәмсілдің тіні қайырым жасаудың қағидасы мен парызына негізделгені анық. Әрине, жақсылық жасауды жарысқа, яки жарнамаға айналдыруға болмас. Бірақ бір адамның жасаған ізгі ісінен құлағдар болған екін­ші адамның бойында да қайы­рым етуге деген ынта оянатыны ақиқат. Осы ретте, әсіресе қо­л­ын­­да артық қаражаты бар кә­­сіпкерлердің мұқтаж жан­да­р­ға жасаған игі амалдарын айтуы­мыз­дың жөні бар.
Өңірде көп балалы отба­сы­ларға көрсетілетін көмектің көлемі жыл сайын артып келеді. Оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, қыстық көмірмен қамтамасыз ету, басқа да материалдық қолдау көрсету бойынша түрлі шаралар бар.

Мемлекет шынымен мұқтаж адамдарға көмектесуі керек, деп мәлімдеді ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік жастар резервінің өкілдерімен кездесуінде.  Осы бағытта Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналған.
Биыл да бұл дәстүр жалғасып, түлектердің бірқатары мұқтаж отбасыларға баспана сыйласа, енді бірі спорт кешені, аялдама және аллея салып, ауылдастарының алғысын алып жатыр.