Инклюзивті білім беруді дамыту маңызды

105

Түркістан облысының тұрғындарының назарына мүмкіндігі шектеулі бала инклюзивті білім алу керектігі жөнінде ақпараттарды ұсынамыз.  Қазақстанда 160 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала инклюзивті білім алуға мұқтаж. Солардың тек 23%-ы ғана аталған оқу процесіне қатысады. Елімізде инклюзивті білім беруді енгізу жолында кездесетін қиындықтар уақыт өте шешіліп, әсіресе халықаралық тәжірибеге сүйене отырып оң өзгерістер орын алуда. Мәселен, мектептерде педагог-ассистент – тьютор қызметі енгізілді.

Бұл мамандардың міндеті – ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамытуда, білім алу барысында екеуіне де жағдай жасау. Дегенмен, екеуінің айырмашылықтары да бар. Бірінші айырмасы – білім деңгейіне қойылатын талап. Тьютор – жоғары білімді педагогикалық қызметкер. Ал ассистенттің арнайы орта білімі болса да жеткілікті және осы педагогикалық білім мен тәрбие беру бағытында білімі болуы міндетті емес. Ол тек курс оқып алса да болады.  Сонымен қатар, тьютор мүгедектігі бар балалар лайықты білім алуға арналған білім беру бағдарламасын әзірлеп, соны жүзеге асыруға қатысады.

Қазақстанда педагогтер әдетте бейімдеу спортының негіздеріне оқытылады, осы ретте француздық әріптестермен бірге мектеп бағдарламасына бейімдеу спортын енгізу үшін арнайы бағдарлама әзірленуде. Инклюзивті ойындар көмегімен оқыту бағыты дамуда, бұл ойындарға жай балалар да, ерекше балалар да бірдей қатысады.

«Инклюзия» термині мен инклюзивті білім беру қағидаттары халықаралық деңгейде 1994 жылы Испанияда ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға білім беру жөніндегі Бүкіләлемдік конференцияда енгізілді. Сол жылы «Бәріне арналған білім беру» халықаралық бағдарламасына Қазақстан да қосылды. Ұлыбританияда мүгедек-балалар қарапайым мектептерде білім алуға 1976 жылы құқық алды. Арнайы оқу орталықтарында ауыр жағдайдағы балалар ғана оқиды. Англияда инклюзивті білім беруді дамытуға мемлекеттен қаржы бөлініп, мамандар дайындалады. Ерекше баланы кішкентай кезінен бастап жоғары сыныпқа дейін психологтар мен педагогтер үнемі бақылап, қолдау білдіріп отырады. Арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді, баланың қасында мұғалімнен бөлек оның оқу материалын игеруіне, психологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешуіне көмектесетін ассистенті болады. Бұл шаралардың бәрі мүмкіндігі шектеулі балалардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, айналаға пайдалы болып дамуына септік етеді. Инклюзивті білім беруді дамыту – бұл тек ерекше балаларды дамыту ғана емес, сонымен бірге бүкіл білім беру жүйесін дамытуды білдіреді.