АУДАНДА «ӘНІМ СЕН ЕДІҢ» ГАЛА КОНЦЕРТІ ӨТТІ-03

38

Шәмші ауылында ән падишасы Ш.Қалдаяқовтың туған күніне орай «Әнім сен едің» атты гала концерті өтті. Сахна шымылдығы Шәмші ағамыздың өмірінен алынған, театрландырылған көрініспен ашылып, «Отырардағы той» әнімен жалғасын тапты.

Есімін әрқашан мақтаныш ете беретін ән әлемі падишасының кешінде сазгердің сыршыл да әсерлі, нәзік иірімдермен өрілген әндері әуелете шырқалып, Ш.Қалдаяқов ауылының кешкі аспанын әнмен тербетіп тұрғандай болды.

Әуезді кеште аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары мен елімізге белгілі әншілер ұлы сазгердің шығармаларын нақышына келтіре орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Салтанатты шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов және сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызы жанға жайлы кешкі тынық ауаны рахаттана жұтып, әсерлі кештен мол рухани нәр алған көпшілікке ізгі тілегін арнап, сазгердің әндерін насихаттап жүрген өнер жұлдыздарына алғысын айтты.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Бүгінде кез келген ұлттың бәсекеге қабілеттілігі мен даму деңгейі оның әлем мәдениеті мен өркениетіне қосқан үлесі және адамзатқа сыйлаған ардақты тұлғаларымен өлшенеді. Міне осы тұрғыдан алғанда қазақ даласын әнімен тербеткен ұлы тұлға Шәмші Қалдаяқов қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Әйгілі сазгердің бізге, өскелең ұрпаққа қалдырған өнер мұрасы — халқымыздың рухани байлығы. Оның патриоттық әндері әлі талай ұрпақтың патриоттық сезімін шыңдайтынына сеніміміз мол»,-деді.

Мұнан соң аудандық мәслихат төрағасы Шәмші әндері келер ғасырға өзінің мәнімен, әсерімен жетіп, жыл өткен сайын жаңғырта берері сөзсіз екенін айта келе, оның халқымыздың рухани өмірі мен музыкалық мәдениетіндегі орны туралы айтып өтті.

Шарада аудан әкімі мен мәслихат төрағасы сазгердің қарындасы Райхан Қалдаяққызының иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті.

Одан әрі ұлы сазгердің жүректі тебірентетін әуезді әндері шырқалып, маңызы зор мазмұнды іс-шарадан көпшілік мол рухани нәр алды. Жан тебірентерлік тағылымы мол рухани кеште ерекше көңіл-күйге бөленген ән сүйер қауым ұмытылмас сәттерді қимай тарасты.