БАЙЫПТЫ БАСТАМА – ЭНЕРГИЯНЫҢ БАСТАУЫ
Жыл сайын үлкен үмітпен күтетін ел Президентінің Жолдауы еліміздің әрбір азаматының ерекше назарын аударды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жариялады. Президент Жолдауын Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері де тікелей эфирден зор ықыласпен тыңдап, толғаныспен қабылдады.
Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы, ел тағдыры үшін маңызды. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде көптеген жаңашылдықтың болатынын көрсетіп берді.
Президент Жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына қатысты мәселелерді қамтыды. Алдымен кезекті сессияның ашылуымен құттықтап, өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілгенін, атап айтқанда, 102 заң қабылданғанын, оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар барын және ғылым мен технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енгенін баса айтты.
Президент Жолдауында алдағы жұмыстың нақты бағыттарын айқындады. Олар: ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою; инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу; еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау; инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу; еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру; Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту; экологиялық ахуалды жақсарту; мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру; қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.
Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінгенін жеткізді. Оған Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заңның қабылдануы, балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатыны, кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жазаның күшейтілуі, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заңның қабылданғаны дәлел ретінде келтірілді. Сонымен қатар Президент қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бары және бұл – өте өзекті, қоғамдық қатерге айналғанына тоқталды. Осы бағытта арнайы заңдар қабылданып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шаралар қолға алынғанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы – елдің алдында тұрған сұрақтарға жауап беретін нақты міндеттер. Ондағы жоспарлардың Қазақстан халқы үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына қуаныштымыз. Басқаны қайдам, өз басым Президенттің алға қойған мақсаттарының табысты жүзеге асатынына сенімдімін.
Шындығы керек, туған Қазақстанымыз, тәуелсіз мемлекетіміз жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық жағынан іргесі бекіп, керегесі кеңейіп, әлемдік қауымдастық алдында беделін күрт арттырып келеді. Біздің дәулетіміздің осындай белесті биікке көтерілуінің заңды негізі бар. Олай дейтініміз, елімізде өмір сүруге не қажеттің бәрі де жасалған. Мәселен, Жолдауда айтылған АЭС-ке қатысты мәселені мен осыған қосар едім.Себебі, Президенттің әрбір игі бастамасы ел дамуының негізгі қозғаушы күші, біз үшін жаңа белес. Қазақстан Республикасының кемел келешегін бағдарлайтын, дүниежүзілік деңгейде өзінің беделін асқақтатып көрсететін негіз және Қазақстан Республикасының дамуының жаңа көкжиектерін белгілеумен құнды.
Президент ел экономикасының энергияға күннен-күнге артып келе жатқан сұранысын атом энергетикасы қамтамасыз ете алатындығы жайлы ойын ашық айтқанымен, осы маңызды мәселенің нақты шешімін қабылдауды халықтың өзіне тапсырып, 6 қазанда жалпыұлттық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл шешімі – оның өзі ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жасалған қадам һәм байыпты бстама және энергияның бастауы.
Жалпы АЭС-тің артықшылықтары мен маңыздылығы жетерлік, бірақ ол туралы сөз қозғағанда мына жағдайларды ескерген жөн. АЭС үлкен көлемде электр энергиясын өндіре алады, әсіресе халық саны көп аймақтар үшін маңызды. Сондай-ақ, атом электр станциялары парниктік газдарды аз шығарады, бұл климаттың өзгеруіне қарсы күресте маңызды рөл атқарады. Тұрақты түрде энергия өндіре алады, бұл жел немесе күн энергиясымен салыстырғанда маңызды артықшылық.
Ал, кемшіліктеріне келер болсақ, АЭС апат жағдайында үлкен қауіп тудырады. Сонымен қатар ядролық қалдықтарды қауіпсіз сақтау үлкен проблема болып табылады. Олар жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы радиациялық қауіп төндіруі мүмкін. Меніңше, АЭС салу және оны іске қосу өте қымбат, сонымен қатар оны дұрыс басқару үшін жоғары білікті мамандар қажет.
Өз басым АЭС-тің артықшылықтары мен кемшіліктерін осылай қарастырдым, бұл энергия көзі кейбір жағдайларда тиімді болуы мүмкін, бірақ ол үлкен жауапкершілік пен мұқият жоспарлауды талап етеді.
Қазақстанда АЭС салу идеясына қатысты екі жақты көзқарас бар.
Қолдайтын себептері төмендегідей:
Біріншіден, энергетикалық тәуелсіздік: АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін арттыруға көмектеседі. Қазіргі уақытта елде электр энергиясы негізінен көмірден өндіріледі, ал атом энергиясы бұл саладағы әртараптандыруға ықпал ете алады;
Екіншіден, экономикалық тиімділік: Ұзақ мерзімді перспективада АЭС арзан әрі тұрақты энергия көзі болуы мүмкін. Бұл ел экономикасының дамуына және өнеркәсіптің өсуіне үлес қосады;
Үшіншіден, технологиялық даму: АЭС салу жоғары технологиялық саланы дамытуға, ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізеді.
Ал АЭС салу экологиялық тұрғыдан қарағанда екі түрлі сипатқа ие: бір жағынан ол таза энергия көзі ретінде көрінеді, ал екінші жағынан, оның экологиялық қауіп-қатерлері де бар. Негізгі алаңдаушылық ең алдымен ядролық қалдықтарды қауіпсіз басқару және АЭС-тің апаттық жағдайында экологияға келтірілетін зиянмен байланысты. Бұл мәселелер дұрыс шешілмеген жағдайда, АЭС салу экологиялық тұрғыдан қауіпті болуы мүмкін. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қатал реттеу, үнемі мониторинг және заманауи технологияларды қолдану қажет.
АЭС салу Қазақстан экономикасына маңызды оң әсерлер әкелуі мүмкін, бірақ бұл үлкен тәуекелдер мен шығындарды талап етеді. Бұл шешімді қабылдаған кезде барлық ықтимал салдарды жан-жақты бағалау қажет. Қоғамдық пікірді ескеру АЭС салу орны туралы шешім қабылдауда маңызды рөл атқарады. Бұл халықтың сенімін арттырып, жобаның әлеуметтік және саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Әрі қарайғы процестерде жергілікті тұрғындармен ашық диалог жүргізу, олардың алаңдаушылықтарын тыңдау және ескеру маңызды.
Қорытындылай келе, атом электр станциясын салу энергетикалық тәуелсіздікке және климаттың өзгеруіне қарсы күреске оң әсер ете алатын маңызды шешім. Алайда, қауіпсіздік мәселелері, радиоактивті қалдықтарды басқару және қаржылық шығындар сияқты маңызды факторлар да бар. Сондықтан, АЭС құрылысына қатысты шешім қабылдау барысында экологиялық, экономикалық және қауіпсіздік аспектілерін мұқият қарастырып, халықтың пікірін ескеру қажет. Бұл ұзақмерзімді пайда мен ықтимал тәуекелдерді теңестіру үшін маңызды.
Сонымен қатар Президент айтқан еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру мен Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғыртып, экологиялық ахуалды жақсарту керек деген сөз жанға жағады. Оған заң мен тәртіп туралы тапсырмаларды қосыңыз.
Қысқасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған бұл «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы болашақ үшін жасалған нық қадам десек болады.
Ерсұлтан ӘМІРБЕК