ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ШЫН МҰҚТАЖДАРҒА БЕРІЛУІ ТИІС

49

Қазақстан әрқашан өзін әлеуметтік бағдарлы мемлекет ретінде танытып келгені баршаға аян. Табысы төмен азаматтарды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар мен асыраушысынан айырылғандарды, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау – әр уақытта мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып келеді.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам орнату бағытындағы ауқымды реформаларының маңызды бағыттарының бірі – жаңа әлеуметтік саясат. Оның мақсаты – әрбір отбасының әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет, бизнес және азаматтар арасында жаңа әлеуметтік келісімшарт жасау көзделіп отыр. Өткен жылы қабылданып, күшіне енген Әлеуметтік кодексте осы жұмыстар құқықтық, заңнамалық тұрғыда реттелген.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» деген-ді.

Расында халықтың әлеуметтік жағдайы арқылы қай елдің болмасын бет-бейнесін көруге болады. Халықтың әл-ауқатының көтерілуінің маңызды тетігінің бірі – халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, сол арқылы әл-ауқатын арттыру.
Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар мен қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы және кәсіпкерлік бастамалар негізінде құрылған жұмыс орындарына 26 482 адамды жұмыспен қамту, оның 26 096-ы тұрақты, 386-ы уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Концепциялар бойынша 3 040 жұмыс орны, жеке бастамалармен құрылатын балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да жаңадан ашылатын жұмыс орындарын есептегенде 23 342 жұмыс орны ашылу көзделген. Осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 005 адам жұмысқа орналасты. Бұл жөнінде 7 айдың қорытынды есебін берген Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева мәлімдеді.
Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді. Биыл Шымкентте 426 адамға грант беру жоспарланып, комиссияның шешімімен 428 адамның бизнес-жобасын қолдауға қайтарымсыз қаржы беру мақұлданыпты. Комиссия құрамында қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары, қала мәслихатының депутаттары, қоғамдық бірлестік өкілдері, журналистер, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері және кәсіпкерлер болды. Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады. 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға берілмейді.
Жарты жылдықты қорытындылаған басқарма басшысы қаламызда зейнеткерлер мен қарттарға жасалынып жатқан әлеуметтік көмектер жайын да айтып өтті. Қаламызда қазір 93 407 зейнеткер бар. Оның 2-і ҰОС ардагері, 1767-і тыл еңбеккері. Зейнет жасындағы ардагерлердің санаторлық-курорттық сауықтырумен қамту үшін қалалық мәслихаттың шешімімен жыл сайын 5 000 жолдама беріледі. Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында «Ақсу демі», «Айша-Бибі», «Күлпаршын» және қала ішіндегі «Денсаулық» шипажайларымен келісім-шарт түзілген. Аталған шипажайларға жыл басынан бері 2355 жолдама берілген. Ал, басқармаға қарасты 70 орынға арналған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешені ашылғалы бері 2000 зейнеткерді сауықтыру шипажайымен қамту мүмкіндігі туып отыр. Осылайша жылына 7000 зейнеткерді шипажайда сауықтыру емін қабылдауына жағдай жасалып, жыл басынан бері 1170 зейнеткер сауықтыру емін алды. Қаладағы №10 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында I,II топтағы мүгедектер және егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсете алмайтын қарттарға стационарлық қызметтер көрсетеді. Орталықтың сыйымдылығы – 70 төсек орын. Қазір орталықта 61 қарт қызмет алуда. Сонымен қатар, 73 әлеуметтік қызметкер 560 жалғызілікті қартқа аптасына екі рет үйіне барып қызмет көрсетеді.
Мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылған. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс бере алады. Шымкент қаласында қазір 41 406 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.
Басқарма тарапынан бұл ерекше жандардан протездік-ортопедиялық көмек құралдарға азаматтардан 6 520 өтініш қабылданып, 4 111-і қамтылған. Сурдотехникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдарға 15 627 өтініш қабылданып, 14 048-і қастылса, мүгедектерге арналған қол арба құралдарына 1 031 өтініш қабылданып, 909-ы қамтылды. Жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 808 азамат мұқтаж болса, 2 757 азаматқа қызмет көрсетілген. 11 607 мүгедектігі бар азаматтан шипажай орындарына емделу үшін жолдамаға өтініштер қабылданып, 6 314 азамат шипажайға жолдама алған. Қалада тірек-қимыл бұзылысы бар мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы жабдықталған 28 «Инватакси» көлігі жұмыс істейді. Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда басқарма қызметкерлері әрбір адамға жеке-жеке көмек беруге дайын.
2001 жылдан бері беріліп келе жатқан атаулы әлеуметтік көмек мәселесінде де дау көп. Осы жылдар ішінде әлеуметтік көмектің осы түрін тағайындаудың ережесі мен оның мөлшері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Кейбір сарапшылар бұл қоғамда масылдықтың таралуына әкеледі десе, енді бір мамандар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін мұндай көмектің маңызы зор екенін алға тартады. Иә, халық арасында осы көмекті алу мақсатында бірі табысын жасырса, енді бірі тіпті құжат жүзінде ажырасуға дейін барды. Сондай келеңсіздіктердің кесірінен кейбір мемлекеттің көмегі шын мұқтаж адамдарға жетпей жатады. Ал, ондай отбасылар елімізде әлі де аз емес. Сол себепті бүгінде АӘК тағайындаудың тәртібін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Атаулы әлеуметтік көмек отбасының әрбір мүшесіне кедейлік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтарға тағайындалады. Егер биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша алып қарайтын болсақ, ресми деректер республика бойынша қазір 355 300 адам немесе 67 100 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Шымкент қаласында бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70 пайыз деңгейінде немесе 2024 жылдың ІІI тоқсанына орта есеппен 34 662 теңге болып белгіленсе, 7 айдың қорытындысымен 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік төлем төленген. Осылай 7 айдың қорытындысын жасаған Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға азайған.
– Қаламыздағы халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар азайған. 2023 жылдың 7 айында 11 089 отбасындағы 56 199 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. АӘК-ке өтінім берген отбасылар арасында әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Отбасындағы жұмысқа жарамды азаматтар жұмыспен қамту шаралары, яғни оқытуға, субсидияланатын жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беріледі. Жұмыстан бас тартқан отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 11 411 азамат жұмысқа жарамды. Өтініш берген кезде 6 716 азаматтың жұмысы бар. АӘК-ке өтініш берген отбасылардан жұмысқа жарамды 279-ы нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Атап айтқанда, 190 адам тұрақты жұмыс орындарына, 41-і қоғамдық жұмыстарға, 8 адамды жастар практикасына, 16 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына және 24 адамның кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетілді, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.
Айта кетейік, Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны соңғы бес жылда 12 есеге дейін азайған. Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны әрбір отбасымен жеке жұмыс жүргізудің арқасында, жұмыспен қамту нәтижесінде төмендегенін атап өтті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

«Шымкент келбеті»