ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА МАҚТА КЛАСТЕРІН ДАМЫТУ, ӨНІМ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Жетісай ауданына іссапармен барып, мақта алқаптары мен мақта зауыттарында болды. Шаруалар мен диқандармен еркін форматта тілдесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы мен басқа да мәселелер сараланды. Мақта қабылдау бекеттеріндегі таразыдан алдау, зертханаларда мақта сапасын қасақана төмендету секілді жағдайларға жол бермеу мақсатында мақта қабылдау бекеттеріндегі таразылар тексерілді.
Мақта өңдеу зауыттары басшыларының айтуынша, әр компания тікелей халықаралық мақта саудагерлерімен (трейдерлермен) жұмыс істейтіндіктен мақта талшықтарын шикізат күйінде сатып алуға қажетті қаражаттың, жеке инвесторлар тарапынан сұраныстың жоқтығын алға тартты. Баға – мақта сапасына байланысты екенін мәлімдеді.
Шаруалармен жүздесу барысында өңір басшысының тапсырмасы аясында мақта кластерін дамытуға күш салынғаны, бұл бағытты барынша дамыту маңызды екені айтылды.
Негізгі табысы мен күнкөрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданында биылғы жылы 79,3 мың гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының 40,8 мың гектарға жуығы мақта дақылы болса, 19,7 мың гектары бақша, 3,4 мың гектары көкөніс, 7,3 мың гектары дәндік жүгері мен 6,6 гектар егістігі мал азықтық дақылдары. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан 544,5 мың тонна бақша, 88,3 мың тонна көкөніс, 40,3 мың тонна дәндік жүгері мен 99,2 мың тонна мал азықтық өнімдері алынған. Науқанға 715 дана трактор мен 897 дана трактор тіркемелері, 61 дана ОВХ мен 232 дана мақта терім машиналары дайын.
Өткен жылы 45 мың гектарға мақта шитін сеуіп, 122 мың тонна ақ ұлпа жинаған жетісайлық шаруалар биылғы жылы да сол межені орындауға ниетті. Өйткені, өнім сапасын арттырып, ағын суды үнемдеудің тиімді технологиясы саналатын тамшылатып суғару әдісі биылдың өзінде ауданда 2 мың гектарға артқан. Оның 300 гектардан астамы мақта дақылын өндірушілердің еншісінде.