МАГАТЭ біздің мамандардың біліктілігін жоғары бағалап отыр – Дарын Бөрбеков
«Бізде білікті мамандар бар ма өзі?»
Дарын Бөрбековтің айтуынша, атом энергетикасы саласында кәсіби мамандар бар. Қазақстанда тек қана ядролық физика институты жұмыс істеп тұрған жоқ. Басқада Ұлттық ядролық орталық бар. «Қазатомөнеркәсіп» секілді ірі компания бар.
«Ядролық физика институтының тәжірибесіне қарасақ, 57 жылдан бері реактор жұмыс істеп тұр. Ешқандай ақау болған емес. Халықаралық атом энергиясы агенттігі – МАГАТЭ-ден ескерту алған емеспіз. 57 жыл ішінде білікті мамандарды әзірледік. Осы уақыт ішінде бір ғана маманның жұмыс істеуі мүмкін емес. Кем дегенде мамандардың үш буыны дайындалды», – дейді маман.
Оның сөзіне қарағанда, ядролық физика институтында үш орталық бар. Олар – ядролық және физикалық қауіпсіздік, радиациялық және бүлдірмейтін бақылау-әдістері бойынша орталықтар. Осы жерде жоғарыда атап өткен ұйымдарда – Қазақстанның түкпір-түкпірінде жұмыс істейтін мамандар дайындалады, біліктілігін арттырады.
«Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Универсетиті бар. Гумилев атындағы Еуразиялық университет бар. Бұл жерлерде ядролық физика мамандығы бойынша бакалавр, магистрант және докторанттарды дайындайды. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы Аманжолов және Серікбаев атындағы университеттерде маман дайындайды. Былтырдан бастап Сәтпаев атындағы және Алматы энергетикалық университеттері де қосылды. Ядролық энергетика бойынша оқытып жатыр», – дейді Дарын Бөрбеков.
Сондықтан ол мамандар жоқ, мамандар даярлау дұрыс жолға қойылмаған деген пікірмен келіспейді.
АЭС Астанадағы LRT-нің кебін кимей ме?
Кейбір адамдарда «АЭС құрылысы сақалды құрылысқа айналмай ма?» деген де күдік бар. Астанадағы LRT-ні мысалға келтіріп жатыр.
«Мұны өзіміздің компаниялар салды. Ал АЭС-ті біз емес. шетелдік компания салады. Және МАГАТЭ-нің тікелей бақылауымен салынады», – дейді маман.
Ядролық физика институтының Астана филиалы директорының орынбасарының сөзінше, АЭС салынған күннің өзінде, ұтып алған компания – вендор қазақстандық операторларды өздерінде оқытуға алып кетеді.
«Төрт вендор ұсынып отырған реакторлар бірдей. Бірақ басқаруында ғана айырмашылық бар. АЭС-ті басқаратын операторларды дайындау солардың базасында болуы тиіс. Олар студенттерді әкетіп, он жылдай оқытады, өздерінде жұмыс істеп тұрған АЭС-те жұмыс істетіп, тәжірибе жинатып, бізге әкеледі», – дейді маман.
Дарын Бөрбековтің пікірінше, алдағы референдум кезінде халық дауыс береді. АЭС құрылысы қолдау тапса, үкімет жанынан комиссия құрылады. Ұсыныс жасаған төрт елдің компаниялары арасынан кім салатынын солар таңдайды.
«Біздің мамандардың біліктілігі өзгелерден бір мысқал кем түспейді. МАГАТЭ жыл сайын тексеріп тұрады. Екі рет ескертіп келсе, ек-үш мәрте ескертусіз келіп тексеріп кетеді. Осы уақытқа дейін ешқандай ескерту алған емеспіз. Халықаралық тексерушілердің өзі біздің мамандардың біліктілігін жоғары бағалап отыр», – дейді маман.
Айта кететін жайт, МАГАТЭ құрымында да 20 шақты қазақстандық маман жұмыс істейді. Түркияда салынып жатқан Аккую АЭС-інде де қазақстандық мамандар бар екен.
Чернобыль мен Фукусима қайталанбай ма?
Маман мұны жоққа шығарып отыр. Өйткені, қазір технология ілгері дамыған.
«Атом реакторларының бірнеше буындары бар. Бірінші, екінші, үшінші және үшінші +, төртінші буын деп аталады. Бізге ұсынылып жатқандары – үшінші және үшінші+ атом реакторлары. Чернобыль мен Фукусимадағы реакторлар екінші буынға жатады. Олар бір контурлы болған. Бізге ұсынылып жатқандары – екі контурлы. Дүниежүзінде 415 астам атом реакторы жұмыс істеп тұр. Соның 200-ден астамы – екі контурлы реакторлар. Оларда ешқандай ақау, апаттық жағдай болмаған», – дейді Дарын Бөрбеков.
Маманның айтуынша, Чернобыль мен Фукусимадағы апат кезінде екеуінде де адам факторы бар. Активті зонаны – активті қауіпсіздікті қосу үшін адам қосу керек. Үшінші+ буында адам факторы толығымен алынып тасталған. Төтенше жағдай болса, барлығы автоматты түрде сөндіріледі. Тіпті, автоматика істен шыққан жағдайда, пассивті қауіпсіздік жүйелері бар. Бұл – қарапайым физика заңдарымен, гравитациямен жұмыс істейтін қауіпсіздік деңгейі. Гравитация арқылы материалдар түсіп, нейтрондарды бойына сіңіріп алады да, реакцияны тоқтатады.
АЭС энергиясы неге қымбат?
Кейбір адамдар АЭС салынғанымен, қуаттың бағасы арзандамайды. Олай болса, мұндай құрылыстың қажеті бар деушілер де бар.
«Сарапшылардың айтуы бойынша, құнын ақтау үшін құрылысқа кеткен шығындарды он-он бес жылға бөледі. Содан кейін қанша баға қойғымыз келеді, сонша баға қоя аламыз. Құны ақталған АЭС-терде электр қуатының өзіндік бағасы 2-3 цент қана болады», – дейді маман.
Зиянды қалдықтарға көміліп отырамыз ба?
Маманның түсіндіруінше, ядролық физикада «жерлеу» деген ұғым жоқ, ұзақ мерзімді сақтау деген түсінік бар. Ядролық отындық 9 пайызға дейін ғана жанады. Қалғаны сол жерде қалады. Өйткені, ядролық таблеткалар құты ішіне салынады.
«Отынды қайтадан өңдеп, қайта пайдалануға болады. Сондықтан оларды ешкім лақтырмайды, арнайы контейнерлерге салынып, сақталады. Ядролық жарылыс АЭС-те болуы мүмкін емес. Өйткені, табиғатта уран 17 пайызға байытылған. АЭС-те 4,5 пайызға дейін ғана байытылады. Ал ядролық қару үшін 95 пайыздан жоғары байытуы қажет. Фукусимада ядролық жарылыс болған жоқ. Тек сутегі жарылды», – дейді Дарын Бөрбеков.
Мұның алдында АЭС салынуы мүмкін Балқаш көлінде судың қалыпты деңгейін сақтап тұру үшін Қазақстан үкіметі Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқанын жазғанбыз.