ЭКОНОМИСТ АТОМ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫН АЙТТЫ

51

Экономист Мақсат Серәлі әлеуметтік желідегі парақшасына қазір елде қызу талқыланып жатқан АЭС құрылысы туралы жазып, оның бірқатар артықшылығын атады. Оның айтуынша, Еуропаның бірқатар ауылын аралап, электр қуатының қымбат екеніне көзі жеткен. Атом электр станциясының тиімді, тұрақты, таза энергия екеніне бірсыпыра аргумент келтірген. Көпшілік таза энергия қажет болса, неліктен жел электр станцияларынан қуат ала бермейміз дегенге жауап беріпті.
«Бірінші, әрине, қуаты мен тұрақтылығы. Қуат өндіруге келгенде АЭС-ке тең келері жоқ. Бір АЭС жүздеген жел электр станцияларына қарағанда ондаған есе көп, әрі тұрақты энергия өндіре алады. Әлем мысалына көз жүгіртсек, Финляндиядағы «Олкилуото 3» АЭС-і 1,6 ГВт энергия өндіреді, ал бұл шамамен 1600 ең мықты деген жел генераторы ғана өндіре алатын көлем.
Екінші, әрине, ауа-райына тәуелсіздігі. Жел генераторы деген, бір қарағанда өте тиімді әрі зиянсыз сияқты. Бірақ… Бірағы сол – ол желге тәуелді. Жел жоқ болса, энергия да жоқ. Ал АЭС болса, 24/7, тынбай, тоқтамай қуат өндіре береді. Оған күн бар ма, жоқ па, жел бар ма, жоқ па, бәрібір. Тып-тыныш тұрып, энергия өндіре береді. Қазақстан жыл бойы жел соғып тұратын желді аймақ емес, бүкіл елді энергиямен қамтамасыз ету үшін жел станцияларының қуаты да, қоры да, қауқары да жетпейді. Әрі Қазақстанның аумағы үлкен екенін айтпасам да, білесіздер», – дейді экономист.
Серәлі АЭС-ке жел станцияларына қарағанда кішкентай жердің жеткілікті екенін айтады. Мәселен, бір жел генераторына 1 км² аумақ керек, ал толық станция салуға жазық дала керек. Ал АЭС бірнеше гектар жерге сыйып кетеді, әрі бүкіл елді электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, жел генераторларын орнату үлкен энергия мен ресурстарды қажет етеді, оның үстіне қызмет етуі кезінде де жергілікті экожүйеге әсер етіп, құстарды жойып жіберуі мүмкін екен.
«АЭС болса, егер заманауи талаптарға сай салынып, жұмыс істесе, керісінше табиғатқа да әсері аз, шығаратын шығындары да аз болмақ. Жел генераторларының қызмет ету мерзімі орта есеппен – 20-25 жыл, кейін оны не ауыстыруға, не жөндеуге тура келеді, ал бұл арзан дүние емес. Ал АЭС 60 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді, тіпті кейде 80 жылға дейін қызмет ете береді.
Қазір мысалы, әлемде өндірілетін энергияның 10%-ы АЭС-терге тиесілі, ал жел станцияларының көлемі бар болғаны 6%. Жел генераторларын дамыту қаншалықты дамып жатқанымен, қуаты жағынан атом станцияларының көлеңкесінде қалып кететіні дау туғызбайтын факт деп ойлаймын.
Жалпы айтайын дегенім, егер еліміз тұрақты әрі қауіпсіз қуат көзінен энергия алсын десек, онда ең оңды шешім – осы АЭС құрылысы болып тұр», – деп жазбасын түйіндеді Мақсат Серәлі.