ДІНИ КОНФЛИКТІНІҢ ТУЫНДАУЫ
Әлемде әртүрлі діндер мен ағымдар бар, олардың арасындағы түсініспеушілік кейде қарапайым келіспеушіліктен үлкен қақтығыстарға дейін ұласады. Мұндай жанжалдар адамдардың бір-біріне деген төзімсіздігі мен дұрыс ақпараттың жетіспеуінен туындауы мүмкін.
Дін қазіргі әлемде кез-келген елдің ішкі саяси-әлеуметтік жағдайына араласып, тұрақсыздықты тудырудың факторына айналып отыр. Ел ішіндегі террорлық әрекеттердің пайда болуына діни сауаттылықтың төменедеуі бірден-бір өз әсерін тигізуде. Сондықтан діни тұрақтылық ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Діни тұрақтылық қоғамның топтасуына ықпал етіп, дін ықпалынан туындайтын сыртқы және ішкі қауіптерді залалсыздандыруға мүмкіндік береді.
Діни экстремизм мен терроризм жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналып отыр. Олардың пайда болуы түрлі діни қақтығыстардан бастау алуда. Сол себепті діни қақтығыстрдың туындау себептеріне тоқтала кеткеніміз жөн.
Діни қақтығыстардың негізгі себептері:
- 1. Діни төзімсіздік. Кейбір адамдар өз дінін немесе ағымын жалғыз дұрыс жол деп санап, басқаларды мойындаудан бас тартады. Бұл сенімдер арасындағы алшақтықты күшейтіп, жауласуға әкеледі.
- 2. Білімнің және түсініктің таяздығы. Діни қақтығыстар көбінесе адамдардың өз дінін де, басқа діндерді де терең білмеуінен туындайды. Қате түсініктер мен стереотиптер шиеленіс тудырып, басқаларға қарсы көзқарастарды қалыптастырады.
- 3. Саяси және әлеуметтік себептер. Кейде дін саясатта билікке жету құралы ретінде қолданылады. Діни қайшылықтар әлеуметтік теңсіздік немесе экономикалық проблемалармен астасып, қақтығысты күшейтеді.
- 4. Деструктивті діни ағымдардың ықпалы. Кейбір деструктивті ағымдар діни айырмашылықтарды әдейі қоздырып, адамдарды радикалдық әрекеттерге итермелейді. Олар басқа топтарға төзбеушілікті насихаттайды, бұл қақтығыстарға жол ашады.
Діни қақтығыстардың салдары:
— Қоғамдық бөлінушілік: Жанжалдар адамдарды бір-біріне қарсы қойып, қоғамның бірлігін әлсіретеді.
— Отбасылар мен достық қарым-қатынастардың бұзылуы: Діни көзқарастардың қайшылығы жақын адамдар арасында да түсінбеушілік тудырады.
— Экономикалық және саяси тұрақсыздық: Қақтығыстардың ушығуы мемлекет деңгейінде бейбіт өмірге кері әсерін тигізеді.
Қақтығыстардың алдын алу жолдары:
- 1. Діни төзімділікті насихаттау. Әрбір адамның діни сеніміне құрметпен қарауды үйрету маңызды. Төзімділік мәдениеті – бейбіт қоғамның негізі.
- 2. Діни сауаттылықты арттыру. Мектептер мен университеттерде дінтану пәндерін енгізіп, жастарға әртүрлі діндер туралы дұрыс ақпарат беру қажет.
- 3. Диалог және ынтымақтастық. Әртүрлі діни қауымдар арасында диалог орнатып, ынтымақтастықты дамыту қақтығыстардың алдын алады.
- 4. Деструктивті ағымдарға қарсы күрес. Мемлекет пен қоғам бірлесіп, деструктивті діни ағымдардың таралуына жол бермеу үшін белсенді жұмыс істеуі қажет.
Қазақстан Республикасы түрлі конфессиялардың мекеніне айналды. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көп ұлтты, тілді және конфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Қаншама ұлттар мен ұлыстар, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, діндер мен конфессиялардың тағдырлы тоғысың бір шаңырақтың астында бірлікте өмір сүруі оңай шаруа емес. Осыған қарамастан Қазақ елі бірлігін қадірлей білген, қаншама ұлыстар мен діндерді шаңырағына ұйыстыра білген мемлекет ретінде дамыған елдер мойындап, конфессиялық келісімді бізден үйрену керектігін айтып жүр. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің де, азаматтық қоғамның да негізгі міндеттерінің бірі. Бірлігі бекем елдің ырысы артады. Түрлі ұлт өкілдері және діндер бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір кешсе, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатынына кепіл.
Қорытындылай келе, дін – жоғалтуға болмайтын рухани қазына. Халықтың жан дүниесін рухани жағынан сауаттандырып, саяси жағынан бейбітшілікке, бірлікке шақырып, халықты достықта мығым ұстай алатын мемлекеттiк мәртебеге көтереді. Қандай жағдай болмасын, еліміздегі әртүрлі діни құбылыстарға төтеп беру үшін діни сауаттылықпен қатар біртұтастық пен бірлігіміз керек.
Халқымызда «Байлық – байлық емес, бірлік байлық», – деген нақыл сөз бар. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда дін саласында қызмет жасап жүрген азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Елімізде ресми түрде қызмет жасап жүрген діндердің міндеті халықты ауызбіршілікке шақыру. Өйткені діннің мақсаты – ізгілікті дәріптеу. Адамды соған тәрбиелейді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенеміз.
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
бөлім маманы