ДІН ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ НЕГІЗІ

22

Дін – адамзат тарихы мен мәдениеттің ажырамас бөлігі. Дінін білген адамға тегі, тегін білген адамға діні ешқашан жат саналмайды. Дін халық мә­дениетінің рухани негізі. Оның қоғамда алатын орны қашан да ерекше. Сол себепті жас ұрпаққа діндер тарихы мен оның құн­ды­лықтары, рухани астары туралы мәлімет беру өмір талабы. Әрбір ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын нәрсе тілі мен мәдениеті және осылардың негізі болып табылатын діні. Қазақ халқының мәдени құндылықтары, сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан этнографиялық мұрасының негізі Исламда болған десек, еш қателеспейміз. Мысалы, қазақ хандарының заңнамаларында шариғат шарттарына басымдық берілуі ұлт пен дін тазалығын сақтап қалудан туған қадам еді. Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғыда» ұлт тазалығы, дін тазалығы деген атаумен арнайы баптың енгізілуі бабаларымыздың дін мен дәстүрге бекем болғанының жарқын көрінісі. Сол сияқты түйінді мәселенің тиімді шешімін таба білген аузы дуалы билер мен шешендеріміздің шариғаттан білімі болғандығы да белгілі. Заманында «ақындар атасы» атанған Рудакидің:

«Өмір – теңіз, онда жүзем демеңіз, Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген сөзі қай қоғамға болсын қуат береді.

Руханилық — ізгі, ақылдың шешімі, ізгі жүрек өмір ізгі сезім, жанашырлықтың саналы және санадан тыс әрекеттерден көрінуі болса, Абайдың айтуынша «адамгершілік — махаббат пен әділдік, олар барлық нәрседе болады және шешіледі», яғни рухани тәрбие — адамдарды адамгершілікке, білімге, еңбек пен имандылыққа, бір сөзбен айтқанда жан дүниелерінің сұлулылығына тәрбиелеу деген сөз. Адамгершілік мінез негіздерінің астарында жалпы адамдық пен ұлттық құндылықтар бірігіп, адамдардың рухани мәдениетін жүзеге асыратыны белгілі.

Қазақ хандығының құрылуының бастапқы кезеңдерінен – Ұлы дала заңы дәстүрлер мен әдет-ғұрып ислам негіздеріне орайластырылып шариғатпен қатар қолданылғанын ел тарихы жоққа шығармайды. Керісінше, көнеден ханифтік дін тегінен нәр алған әдет-ғұрыптарымыз дін мен дәстүріміздің салтанатты үйлесім табуына мол мүмкіндіктер берді. Осының арқасында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сияқты қазақ хандығы құрылысының саяси – әкімшілік, әскери, рухани және сот  істері жөніндегі ережелерінде де ғұрып пен шариғат заңдары үндестік тауып, бірін-бірі толықтырды.

Халқымыздың болмысымен бітеқайнасқан дін мен дәстүр – қадым замандағы қилы зауалдарға қарсы тұрған, елді бірлікке, тұтастыққа тоғысқан рухани құндылық. Сондықтан халқымыз қандай қилы кезеңді бастан кешпесін, өзінің тіршілік тегі мен тамырын қиғызбаған. Халқымыздың ұғымындағы «көрімдік, ерулік, сүйінші, сыбаға, базарлық, жылу, асар, қол үздік» сынды асыл сөздер мұсылман қазақтың дархан мінез, кеңпейіл, қонақжай, бауырмалдығының бұлтартпас дәлелі. Пайғамбар (с.а.с) жеткізген хақ Ислам діні дала көшпенділірінің дәстүрімен астасып, санасына сіңді.

«Иманым – жиғаным» деп білген ұлтымыз өмірін Исламға негіздеп, ізгілікке ұмтылды. Иә, имандылықты ту еткен текті бабаларымыз хан сайлау дәстүрі, билер кеңесі, мұрагерлік тәртібі, елдік жарғысын өзінің алтын арқауына темірқазық етті. Төле би бабамыз айтқандай, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», – деген қағида ұлағатты ұрпақ жадында сақталып қалды. Мысалы қазақта иба деген сөз бар.  Көпті көрген, өмірден түйгені мол үлкен кісілер тәрбиелі жастарды ибалы екен деп атайды. Міне, ибалылықтың астарында имандалық жатыр. Қазақта иман жүзді деген сөз де бар.

Қорыта келе Елбасымыз Н.Назарбаев «Біз тегіміз – түрік, дініміз – ислам екенін ұмытпауымыз керек, ол үшін қасиетті кітап Құран кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек», – деген болатын. «Отанды сүю – иманнан» дейді. Ұлтына патриоттық имандылық тәрбие алғандар адасудан бойын аулақ салатыны сөзсіз деген болатын. Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай  Қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз.