МҮГЕДЕКТЕР СЫНАҚТАН СҮРІНБЕЙДІ

11

Елімізде жыл сайын қазан айының екінші жексенбісі мүгедектігі бар адамдар күні ретінде белгіленген. Осыған орай Түркістан қаласында әлеуметтік қорғау саласы бойынша мәжіліс өтті. Республика күні қарсаңындағы маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысты. Мәжіліске салаға жауапты департаменттер мен басқарма басшылары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жетекшілері, мүгедектер ісі жөніндегі облыс, аудан және қала әкімдерінің штаттан тыс кеңесшілері, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері төрағалары шақырылды.

– Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман болсын! Мүгедектігі бар жандар – қайсарлықтың үлгісі. Олардың өмірге деген талпынысы, табандылығы, құштарлығы, қиындықтарды еңсеруі жүрегімізге сенім ұялатады. Ешбір сынақ адам бойындағы күш-жігерді жеңе алмайды. Біз барлығымыз бір қоғамның мүшесіміз және әрқайсысымыздың құқығымыз тең. Себебі, олардың арасында білімді азаматтар, табысты кәсіпкерлер, шығармашылыққа жақын өнер иелері, спортшылар, инновациялық жобалардың авторлары, қоғам қайраткерлері, түрлі салада жетістікке жеткен тұлғалар бар. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Түркістан өңірінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсартуда тиісті шаралар ұйымдастырылып келеді. Білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, оңалту қызметтері, саяси және қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндіктер қарастырылған. Сіздерді маңызы ерекше күнмен құттықтаймын! Бүгін жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жоспарларды саралауға жиналдық. Сұрақтарыңызға құлақ түріп, ұсыныстарды бірге талқылайық, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Түркістан өңірінде 100 мыңға жуық мүгедектігі бар тұрғын болса, оның 15 мыңдайы – 18 жасқа дейінгі балалар. Облыс көлемінде әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссиясы оңалтудың техникалық құралдарын тіркеу бойынша 22 мыңнан астам өтінішті қарап, 49%-ы өтініш порталға тіркеуге жіберілген. Қазіргі таңда 80 пайызға жуығы қамтамасыз етілді. Жаңа бизнес-идеяларды қолдау мақсатында 300-ден аса мүгедектігі бар адамға қайтарымсыз грант берілді. «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша жол картасына сәйкес 2021-2024 жылдар аралығында 1426 нысан бейімдеуден өтті. Сонымен қатар, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзиялық спорт фестивалі ұйымдастырылды. Жұмысқа орналастырудан бастап, құқықтық, қаржылық, психологиялық, тағы да басқа кеңес беру мақсатында «TEN QOGAM» орталықтары облысымыздың 15 аудан, қаласында ашылып, азаматтарға қызметтер ұсынуда.

Жиын марапаттаумен қорытындыланды. Республика күні қарсаңында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген 20-ға жуық азамат облыс әкімінінің грамотасы, «Amanat» партиясының Алғыс хаты, облыс мәслихатының грамотасына ие болды. Қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қор төрағалары Дүйсенәлі Жүсіпов, Шалтан Еркінбай, Дастан Орынбасаров «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.