ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ ТҮРКІСТАН ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ АЛАҢЫНДА БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

66

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі алаңында БАҚ өкілдерімен кездесіп,  өңірдегі вегетациялық кезеңнің атқарылу барысы мен ағын су тапшылығын шешу бойынша атқарылған шаралармен таныстырды.

Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, яғни өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық орналастырылған. Суармалы алқап 552,0 мың гектарды құрайды.

Егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде басталды. Дегенмен, биыл жауын-шашынның аз түсуіне байланысты, ағын су тапшылығы орын алу қаупі туындаған.  Осы орайда, шаруа қожалықтарға ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу мақсатында су беру кестесі аудан әкімдіктерінің, шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезектілікке сай босатылуда.

Су мөлшерінің азаю деңгейі мен туындаған қажеттілік мөлшеріне қатысты сұраққа  Нұрбол Тұрашбеков облысқа жылдық қажетті лимит көлемі 4,8 млрд. м3 құрайтынын, алайда ауа райының жағдайы биылғы судың 30 пайызға кемуіне алып келуі ықтимал екенін айтты.

 

Ағын судың үлестірілуіне байланысты қиындықтар, Сайрам ауданындағы шаруалардың мәселесі, қуаңшылықтың алдын алу шаралары жөнінде сұрақтар қойылды. БАҚ өкілдері ағын суды өз бетінше бұрып алатын шаруашылықтардың жауапкершілігін қарау мәселесіне де назар аударды.

Облыс әкімінің орынбасары ағымдағы жылы су тапшылығы облыстың Оңтүстік аудандарында, оның ішінде Мақтаарал, Жетісай, Шардара аймақтарында сезілетінін атап өтті. Бұл өңірлер трансшекаралық суларға тәуелді. Атап айтқанда, «Достық» каналы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектарды ағын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда вегетацияға 28,6 м3/сек. ағын су босатылуда, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,2 м3/с кем.

Облыс әкімінің ағын суды тиімді басқару бойынша берген тапсырмасына сәйкес нақты шаралар қабылданып, қосымша машиналық су көтеру каналы арқылы 11,3 м3/с су берілуде.

Ағын суды заңсыз пайдаланғандар бойынша «Арал-Сырдария» бассейн инспекциясы мамандары тарапынан облыстағы су нысандарын тұрақты тексеруде. Қазіргі таңда, анықталған құқық бұзушыларға 20 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген тексеру нәтижесінде 24 су сорғы қондырғылары анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданған.

 

Климаттық өзгерістер қазіргі таңда ғаламдық мәселелердің біріне айналып отыр.  Мемлекет басшысы су тапшылығын шешуге ерте қамданудың маңыздылығына баса мән беріп, су үнемдеу технологияларына кешенді көшу бойынша тиісті тапсырмаларды белгілеп берген.

Ағымдағы жылы облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27,0 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Дегенмен, облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологияларын енгізу алаңын 59,0 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда нақты орындалғаны 46 мың гектар.