ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ БОЛҒАН БАТЫР ЕРЛІГІ ДӘРІПТЕЛДІ

9

Ауданымыздың Қараспан ауылындағы Бейсен Оңтаев атындағы жалпы білім беретін мектепте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты салтанатты жиын өтті.

Шара Мемлекеттік әнұранмен ашылып, соғыста қаза тапқан батырлардың рухына бір минут үнсіздік жарияланды. Оқушылар дайындаған патриоттық қойылым көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз бен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков сөз сөйлеп, жеңістің мән-маңызы мен майдангерлер ерлігіне тоқталды. Жиын аясында Кеңес Одағының Батыры Бейсен Сейітұлы Оңтаевтың ескерткішіне және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арнап гүл шоқтары қойылды.

Іс-шарада «Жеңіс туы желбіресін» атты қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, оқушылар «Азат елдің ұрпағымыз» тақырыбында соғыс ардагерлері туралы деректерге негізделген ғылыми жобаларын таныстырды.

Сондай-ақ, шара барысында барлық сыныптарда бір мезетте тәрбие және танымдық сабақтары өтті.

Мектептің акт залында өткен «Ерлік — елге мұра, ұрпаққа өнеге» атты Бейсен Сейітұлы Оңтаевтың ұрпақтарымен кездесу шарадағы өте әсерлі сәттердің бірі болды. Кездесуде батыр ұрпақтары ерлік пен тағылым жөнінде мазмұнды сұхбат берді.

Бұл шара — жас ұрпақты елін, жерін сүюге, тарихын құрметтеуге тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.