Бірлік пен тұрақтылықты сақтау-ел дамуының кепілі

98

Түркістан қаласында бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауаптылыққа негізделген құндылықтарды насихаттап мамандар жетерлік. Солардың бірі Түркістан облысы дін істері басқармасы  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ  теолог маманы Гүлдариға Бекжан. Оның сөзінше еліміздің көпұлтты, көпконфессиялы қоғамы үшін татулық – тек рухани құндылық қана емес, ол – тұрақтылық пен даму кепілі дейді. Егеменді ел Қазақстанның дұрыс дамуы оның ішкі тұрақтылығы мен халық арасындағы бірлігіне тығыз байланысты болады. Көпэтносты мемлекетімізде  көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүріп жатыр. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы қоғамдағы татулық пен ынтымақтастықтың дамуына басты негіз болып табылады. Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау үшін мемлекет көпэтносты қоғамды біріктіретін саясатты қолдайды. Осы саясаттың аясында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған қоғамдық ұйымдар біраз жұмыстар атқаруда. Бірлік пен тұрақтылық елдің дамуына әсер етіп, болашаққа сеніммен қарауға зор мүмкіндік береді. Қазақстан көпэтносты мемлекет болғандықтан,  бірлік пен этносаралық қатынасты сақтау қажет.

Бірлік пен   ынтымақ – қоғамның бірлігін сақтап, әртүрлі топтарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын құндылық. Қазақ халқы табиғатынан ауызбірлігі мықты, ынтымақшыл халық. Еліміздің  көпэтносты және көпмәдениетті қоғамында ынтымақ пен өзара түсіністік ұлттар арасындағы татулық пен тұрақтылықты арттырады. Ынтымақ-бірлік болмаған қоғамда алауыздық пен келіспеушіліктер пайда болмақ. Осыған сәйкес  мемлекет әрқашанда  бірлік пен келісімді сақтауды көздейді. Ал тұрақтылық дегеніміз елдің саяси- экономикалық жүйесінің тұрақтылығы. Қоғамдық тәртіптің сақталып, заңның үстемдігі және азаматтардың құқықтарының қорғалуы  сияқты мағынаны  білдіреді.  Қазақстандағы тұрақтылық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және  инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік жасайды. Елімізде   тұрып жатқан барлық  жан елдің тұрақтылығын сақтауға міндетті.

– Қазақ халқы қашаннан татулық пен бірлікті ту еткен ел. Сан ғасырлық тарихымызда бірлігін сақтаған жұрт – жойылмаған, керісінше, өсіп-өркендеген. Татулық – адамдар арасындағы өзара сыйластық, түсіністік пен келісім. Бұл ұғым отбасынан басталып, қоғамға, мемлекетке дейін жалғасады. Егер отбасы мүшелері арасында татулық болмаса, ол шаңырақ шайқалады. Сол сияқты, бір ел ішінде алауыздық орын алса, халықтың ынтымағы бұзылып, елдің іргесі сөгілері анық. Қазақстан – 130-дан астам ұлт пен ұлыстың ортақ Отаны. Түрлі тілде сөйлейтін, әртүрлі дінді ұстанатын азаматтардың бейбіт, қатар өмір сүруі – татулықтың нақты көрінісі. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, бұл – саналы саясаттың, сабырлы халықтың жемісі. Бірлікке бастар жол – татулық. Ел ішінде тұрақтылық сақталса ғана білім, ғылым, экономика және мәдениет дами алады. Бұл – өркениетті қоғамның басты шарты. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел болашағы. Сол себепті жас буынның бойына татулықтың қадірін сіңіру – аса маңызды міндет. Бұл ретте білім беру орындары, БАҚ, дін өкілдері, қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқара алады.