ОТЫРАР КЕРАМИКАСЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАЙЛЫ ОЙЛАСАҚ…

38

Ертедегі Отырар өңірі қолөнерінің жоғарғы дәрежеде дамығаны археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде анықталды. Солай дей тұрсақ та, сол кездердегі шеберлердің керамиканы игерудегі құпия сырлары біздерге толық жетпеді. Жеткені, тек қираған керамикалық пештер, құмыра сынықтары, саз балшықтан жасалынған  ою-өрнек үлгілері ғана. Саз балшықтың құрамы қандай, қалай дайындаған, қандай тәсілмен күйдірілгені біздерге беймәлім.

Отырар керамикасын қайта игеру туралы идея – біздерге студенттік жылдары  1978-1979 жылдары келді. Сол кезден бері әртүрлі дайындық жұмыстарын жүргізіп келдік. Біздерге жеткені, жарым-жартылай сақталған ке­рамикалық пештің құрылысы және оның ішінде өртеліп шық­қан әртүрлі бұйымдар (құмыра­лар, кеселер тағы басқалар). Ою-өрнектері бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік дәстүрі бар сол кездегі шеберлердің керемет еңбектерін көріп, таң-тамаша боласыз. Әсі­ресе, сол кездегі жасалынған бұ­йымдардың бояуларының таза­лығы, қанықтылығы сол күйінде бүлінбей жеткен. Осындай ше­берлікке жету үшін, қаншама ұрпақ ізденді десеңізші. Бұл қысқа уақыт ішінде игерілді десек жаңсақтық болар еді.

Әсіресе, ой салған Отырардан табылған музыкалық аспап — саз­сырнай. Бұл экспонатты Отырар мемлекеттік археологиялық қо­рық музейінің алғашқы негі­зін қалаушылардың бірі А.Әлі­­мов жазушы Д.Досжанов ар­қылы, қа­зақтың көне музы­ка­лық аспап­тарын зерттеуші Б.Сары­баев­қа аманат етті. Достары та­быс еткен экспонаттарды ол көздің қарашығындай сақтай білді. Зерттеп қалпына келтірді. Әрине, сазсырнайдың көмейінен күй бірден төгіле қойған жоқ. Дегенменде, тынымсыз ізденіс зая кетпеді. Б.Сарыбаев табылған экспонатты ұзақ зерттей келе, үрмелі музыкалық аспап екенін анықтады. Негізгі нұсқасына қарап, жетілдірілген түрін жасап шығарды. Міне, сөйтіп ғасырлар бойы үнсіз жатқан сазсырнайдан ғасыр үні қайта жаңғырды. Саз балшықтан сазсырнайдан басқа тастауық, үскірік сияқты үрмелі музыкалық аспаптар дайындалады.

Ең алдымен керамика дегені­міз не? Керамика дегеніміз грек­тің «керамос» — «балшық» деген сөзінен шыққан. Егерде бұйым саз балшықтан жасалып, күйдірілген болса, бұл керамика деп ата­лады. Алғашқы кездерде саз бал­шықтан жасалған бұйымдар күнге кептірілді. Тек 7 мың жыл­­дан кейін ғана керамиканы ашты. Саз балшықты отқа ұстап көр­геннен кейін, тас тәрізді қатты затқа айналатынын білді. Содан бері атадан балаға мұра болып, керамиканы игеру жетілдіріле берді. Қарапайым күйдірілген кірпіштен бастап, құмыра, көне музыкалық аспапқа дейін осы саз балшықтан жасалады. Керамиканың негізгі шикізаты – саз балшық. Оған әртүрлі қоспалар қосу арқылы дайындайды.

Соңғы жылдары жапон ға­лымдары керамикадан двигатель жасауды игеріп, керамиканы тағы бір қырынан көрсетті.Отырар керамикасын игерудегі қадамды іс-тәжірибеге керекті саз балшықты таңдаудан бастадық.

Халықта «Алма, алма ағашы­­нан алыс түспейді»- деген мәтел бар. Бұл тектен-тек айтылмаса керек. Негізінде Отырар шебер­лері жергілікті жердің бар мүм­кін­ді­гін толық пайдалана біл­ген. Демек, саз балшық жергілікті жерден өндірілген. Бұл болжамға көз жеткізу үшін нақты жүргі­зілген іс-тәжірибеге сүйенейік. Ең алдымен саз балшықтың қорын табу үшін, Арыс өзенін бойлай зерттеу жүргізіп, әр жерінен саз балшық алдық. Лабораториялық тексеруден өткіздік. Қорытын­дысы қанағаттанды­рарлық. Саз балшық­тың түсі қызғыш және күлгін түсті болып келеді.1985 жылы Отырар төбенің жанынан табылған керамикалық пештің үлгісінде іс-тәжірибеге арналған пештің құрылысын бастадық. Бірақ, іске қосып үлгере алмадық. Пешті соғудың өзі де оңайға түскен жоқ. Себебі, бұрынғы үлгілері толық сақталмаған, бүлінген. Сондықтан көп ізденуге тура келді.

Іс-тәжірибе жүргізу кезінде, Шымкент қаласындағы көр­кем­сурет шеберханасының жо­ғар­ғы категориялы мүсіншісі Р.Ф.По­технимен тығыз творчес­тво­лық бірлестікте болдық. Твор­чес­тво­лық бірлестік кера­миканы иге­руде профессио­налдық дең­гейге көтерілуге септігін тигізді.

Отырар мемлекеттік архео­логиялық қорық музейінің ди­ректоры Ә.Есжанов біздің жүр­гізіп жатқан жұмысымыздан ха­бардар болатын. Бұл істі түбе­гейлі алға апару үшін, музейге жұмысқа шақырылдым. Әрине, әлі қол жетпеген нәрсенің алғашқыда күдігі көп болады ғой. Коллектив сенім артып, керамиканы іске асыру жөнінде іс-тәжірибе жүргізіп, дәлелдеуді маған тапсырды. Сенім жүгі қашан да ауыр болған ғой. 1986 жылдың жоспарына керамиканы игерудің әртүрлі экспериментін жүргізуді ендірдік. Іске сәт деп кірісіп те кеттік.

Өткен жылғы керамикалық пешті сақтай алмағандықтан, қайта соғуға тура келді. Пештің құрылысын жүргізу барысында, өнерге жаны ашитын ауыл аза­маттарының көмегін айтпауға әсте болмайды. Атап айтқанда, Тө­лімбет Бақаевқа, Сейілхан Смай­­ловқа, Жұмағали Тәңірберге­новке, Әбен Қарқынбаевқа алғыс айт­қым келеді. Керамикалық пештің құрылысын біттік. Енді оның жұмыс істеу режимін анықтау керек. Қалай? Ол үшін әр түрлі әдіспен, саз балшықтан жасалған бұйымдарды күйдіру керек. Іс-тәжірибені бастамас бұрын, ар­хеолог-ғалым Қ.М.Байпақовпен ақылдастық. Барлық жергілікті мүмкіндіктерді ескердік. Сөйтіп, алғашқы тәжірибеге арналған саз балшыққа мақта, қоға, фарфор, шыны және ұнтақталған шамотты қосып араластырдық.  Кейін күйдіру барысында әр қоспаның сапасы анықталды. Сапалы шыққан қоспаны одан әрі жетілдіре бердік. Сөйтіп екі түрлі керамиканы өндіруді игердік. Қызғыш түсті және ақшыл-сарғыш түсті кермиканы алу жетістік.

Бұндай жоғарғы сапалы ке­рамика алу үшін 980-1200 градус температураға дейін қыздыру керек. Ол үшін үздіксіз 8-12 сағат керамикалық пеште от жақтық. Негізгі отынымыз тұт, жиде, қара ағаш, тораңғыл сияқты ағаштардың кепкен томарлары болды. Жоғарыда айтылған тем­ператураға жеткенімізді анықтау үшін Түркістан қаласындағы керамикалық цехтың лаборато­риясынан пираскоп әкелінді. Қолдандық. Анықталды.

Жалпы күні бүгінге дейін 6 рет нақты іс-тәжірибе жүргізілді. Тәжірибе кезінде кездескен сәт­сіздіктерімізді келесі тәжіри­беде ескеріп, жойып отырдық. Әрбір тәжірибеге 8-12 сағат бойы от жағылатын болғандықтан, ағаш отынды көп керек етті. Дегенмен де жыл басында қабылдаған түпкі мақсатқа жетіп, тапсырылған сенімнің үдесінен шыға білдім.

Қазіргі таңда біздер жасаған Сазсырнайлар Қазақ ССР Мәде­ниет министрлігінен қол­дау тауып отыр. Алғашқы партиясы Жетісай қаласындағы «Жетісай сазы» фольклорлық ансам­бл­інде айналып жүр. Одан басқа, «Отырар», «Арыстанбаб 12-ға­сыр» атты бярельефті сувенир-сыйлықтардың үлгілерін дайын­дадық.

Келешекте Отырар мемлекет­тік археологиялық қорық музе­йінің жанынан сувенир-сыйлық­тар өндіретін керамикалық цех ашу көзделіп отыр.

КПСС ХХҮІІ съезі адамдардың қабілетін ашып, олардың өмірін рухани бай, сан қырлы ету үшін мейлінше кең өріс ашуды партия өзінің мәдени саясатының бас­ты міндеті деп білетінін атап көрсетті. Осыған орай үстіміздегі жылдың 11 сентябрь күні жария­ланған КПСС Орталық Комитеті мен СССР Министрлер Советі «Бейнелеу өнерін одан әрі дамыту және еңбекшілерге коммунистік тәрбие беруде оның рөлін арт­тыру жөніндегі шаралар туралы» Қаулысында жас суретшілер мен архитекторларды практикалық жұмысқа неғұрлым белсенді тарту, олардың азаматтық және творчестволық жағынан қалып­тасуы, белсенді өмірлік пози­циясын ұштауы үшін жағдай туғызу, оларды творчестволық шеберханалармен, қажетті мете­риалдармен қамтамасыз ету, көрмелерге кеңінен қатыстыру, жас шеберлерді творчестволық командировкаларға жіберіп отыру ескерілуге тиіс екендігі айрықша атап көрсетілді.

Сондықтан да өнерге талап­танған жастарға жағдай жа­сап, таңдаулыларынан көрмелер ұйым­­­дастырса, ауданымыздың та­­би­­ғатын, әсемдікті, сұлулықты бей­­нелеу өнері арқылы көпшілік жұрт тамашалаған болар еді. Ата-баба дәстүрін жалғастырар тала­нтты жастар  қанатын кеңге жаяры сөзсіз.

Біздің Отырар өлкесі ұлттық өнердің ашық академиясы іс­петті. Өнермен айналысамын де­ген әрбір азаматқа ата-баба мұ­расы көл-көсір. Тек өнерді ең­бекпен қорғай білуіміз керек. Отырар керамикасы біздерді жаңа көкжиектерге жетелейді…

Кендебай ҚАРАБДАЛОВ,