Түркістан – цифрлық аймақ болуға қадам басты

30

Қазіргі таңда интернет – тек байланыс құралы ғана емес, білім мен медицина, бизнес пен мемлекеттік қызмет көрсетудің басты инфрақұрылымына айналды. Бұл тұрғыда Түркістан облысында ауыл тұрғындарына сапалы интернет қолжетімділігін арттыру – аса маңызды стратегиялық міндеттердің біріне айналды. Осы орайда өңірде жаңа серпінді қадам жасалды: облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин бірлескен меморандумға қол қойып, 372 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жөнінде нақты келісімге келген болатын.

Бүгінде Түркістан облысында 801 ауылдық елді мекен бар. Оның 740-ы мобильді интернетпен қамтылған. Бірақ мобильді интернет әрқашан тұрақты және жоғары жылдамдықты қызмет көрсете бермейді. Осы себепті оптикалық байланыс – ең сенімді әрі сапалы шешім ретінде қарастырылып отыр. Қазіргі таңда 429 ауылда оптика желісі бар болса, 372 ауыл әлі де цифрлық даму мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Міне, дәл осы санаттағы ауылдарға алдағы уақытта интернеттің жаңа дәуірі басталмақ.

Бағдат Мусиннің айтуынша, «Қазақтелеком» АҚ осы бастамаға 14,7 миллиард теңге инвестиция салып, 372 ауылдық елді мекеннің телекоммуникациялық инфрақұрылымын жаңартуды көздеп отыр. Бұл – еліміздегі ең ауқымды цифрлық жоба болмақ. Тек құрылғылар мен кабельдер орнату ғана емес, ауылдарда арнайы техникалық қызмет көрсету бекеттері де қарастырылуы мүмкін.