Бірлік пен тұрақтылық – Түркістанның әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізі

45

Ел ішіндегі тұрақтылық пен қоғамдық келісім – кез келген мемлекеттің дамуы үшін басты алғышарт. Бұл қағида Қазақстанның барлық өңірінде айқын көрініс тапқанымен, оның нақты нәтижесін Түркістан қаласындағы серпінді өзгерістер мен өркендеуден анық байқауға болады. Елдегі бейбіт өмір, ұлтаралық татулық пен ынтымақ – Түркістанның соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына берік негіз болып отыр. Тарихи һәм рухани орталық болып саналатын Түркістан бүгінде жаңарған қалалар қатарынан.  Жаңғыртылған бұл шаһар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жаңа дәуірге қадам басты. Қазіргі Түркістан – тұрақтылықтың, кәсіпкерлік мүмкіндіктердің, ішкі және сыртқы инвестицияның тоғысқан нүктесі. Мұндай серпін тек сенімді, тыныш елде, ынтымағы жарасқан қоғамда ғана мүмкін болатыны сөзсіз. Бүгінде Түркістанда жүздеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы, халықаралық әуежай, заманауи қонақүйлер, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер – бұлар барлығы өңірге келген инвестицияның нақты жемісі. Бұл жобалардың бәрі – ел ішіндегі бірліктің, заң үстемдігі мен тұрақтылықтың нәтижесі.

Тұрақты даму – жаңа жұмыс орындарының көбеюіне де ықпал етуде. Түркістан облысы бойынша соңғы үш жылда 50 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмыс сапасының артуына, жастардың еңбекке араласуына және әлеуметтік тұрақтылықтың нығаюына жол ашты. Қоғамда әділет пен тең мүмкіндіктер қағидаты орнығып, әр азамат өз болашағын туған елінде елестете алатын жағдайға жетті. Сондай-ақ, туризм саласында да оң көрсеткіштер байқалуда. Түркістанның жаңарған келбеті мен тарихи-рухани құндылықтары ішкі және сыртқы туристерді тартудың негізгі факторына айналды. Жыл сайын қалаға миллиондаған турист келіп, жергілікті кәсіпкерлерге табыс көзін ашуда. Бұл – бір жағынан экономикалық пайда болса, екінші жағынан елімізді шетелге бейбіт, өркениетті, тұрақты мемлекет ретінде танытатын құрал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау – экономикалық реформалардың табысты жүруінің басты шарты екенін атап өткен болатын. Түркістан мысалында бұл ойдың толықтай расталғанын көреміз. Татулық пен қоғамдық келісім – тек саяси ұран емес, бұл – нақты экономикалық өсімнің, тұрғындардың әл-ауқатының, қаланың көркеюінің қозғаушы күші.  Түркістан – елдегі бірлік пен бейбіт өмірдің нақты нәтижесін көрсететін үлгілі өңір. Экономикалық өрлеу, әлеуметтік даму, рухани жаңғыру – осының бәрі бірліктің, тұрақтылықтың, өзара түсіністіктің арқасында жүзеге асып жатыр. Түркістан – тек тарихпен емес, болашақпен де жарқын мекен. Осындай бірлік пен береке барда еліміздің дамуы да баянды болмақ.

Біздің еліміз үшін ең құнды, ең асыл дүниелер ол – татулық, бірлік, келісім. Мемлекеттілігіміздің басты негізі – халқымыздың бірлігі. Бүгінде Қазақстан халқын бір атаның балаларындай еліміздің өркениетті даму жолындағы игілікті іске жұмылдырып отырған – Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, елімізде тұрақтылықты сақтау мен оның дамуына аса зор үлес қосып келеді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бұл ұйым 1995 жылы құрылып, елдегі түрлі этностар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын, бірлігін нығайтуға бағытталған маңызды институтқа айналды. Оның басты мақсаты – елімізде барлық этностар мен ұлттардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, қоғамдық келісімді қолдау және мәдени көптүрлілікті сақтау. Бірлігі бекем елімізде Қазақстан халық Ассамблеясының атқарып келе жатқан қызметінің нәтижесінде елімізде этностық және діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциялық құқықтары мен еркіндігін толық қолдана алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Сөйтіп, Қазақстанның көп этностық кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік берік орын алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына қойған басты мақсаты және түбегейлі міндеті – этносаралық қатынас саласында мемлекеттік органмен және азаматтық қоғам институтарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету. Осы мақсатта халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негізін қалаушы құндылықтар бойынша қоғамдық келісімді қолдап дамыту, қоғамдағы экстремизм мен радикализм көріністеріне тойтарыс бере отырып, азаматтың құқықтық бостандықтарына қысым жасауға жол бермеу, азаматтың демократиялық нормаларына сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру да осы ұйымның төл парызы. Ынтымақ ұйытқысына айналған ұйым бұл мақсаттырды жоғары деңгейде орындап келеді.

Қоғамдық сана қалыптасу үшін, уақыт талабына сай өзгеру үшін де оған ықпалды күш болады. Олар – өмірлік тәжірибесі бар аға буын. Қай қоғамда да алдыңғы аға буын өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт береді. Қазақ қоғамында ол міндетті қариялар атқарды. Дала заңы бойынша ел ішіндегі екеуара немесе руаралық дау-дамайды әділ шешіп, жанжалдасқан екі тарапты мәмілеге келтіріп, татуластырыпты, тентек-теліні тезге салып, түзетіп отырыпты. Яғни қандай жағдайда да ақсақалдарымыз ел ішінің бірлігін сақтап қалуды көздеген.