ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: САРЫАҒАШТА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖАЛҒАСУДА

Туған жердің тазалығына үлес қосу – әр азаматтың азаматтық парызы. Қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сарыағаш ауданында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Ағымдағы сенбілік барысында таңғы сағат 9:00-ден бастап белгіленген аумақтарда ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімі Арман Абдуллаев атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылап шықты.
Жұмыс барысында облыстық маңызы бар автожолдар мен ішкі көшелер бойындағы күл-қоқыстар жиналып, 18 тонна қоқыс шығарылды. 18 шақырым Рамадан каналының бойы, 48 шақырым арық-атыздар, 78 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланып, арамшөптер орылды. Инфрақұрылымдық нысандар ретке келтірілді. 19 арнайы техника тартылып, сенбілік жұмыстарының тиімділігі артты.
Аудандық сенбіліктің басты мақсаты — көшелердің тазалығын сақтау, сондай-ақ қоғам назарын экологиялық мәдениетті дамыту мәселелеріне аудару. Егер әр тұрғын өз ауласын таза ұстаса, бұл бүкіл өңірдің тазалығы мен көркеюіне қосылған үлкен үлес болмақ.