«АШЫҚ ЕСІК КҮНІ» ШАРАСЫ ӨТТІ

43

Шымкент қаласында өткен «Ашық есік күні» аясында жүздеген тұрғынға тегін медициналық кеңес пен диагностикалық қызмет көрсетілді. Қала емханалары мен онкологиялық орталығының дәрігерлері шара барысында қатерлі ісікке күдікті жағдайларды және созылмалы ауруларды анықтап, олардың асқынуының алдын алуға мүмкіндік берді.

Кезекті «Ашық есік күні» бүгін Шымкент қалалық №6 емханада ұйымдастырылды. Нефролог, кардиолог, хирург, маммолог сияқты бейінді мамандар және жалпы тәжірибелік дәрігерлер азаматтарға кеңес беріп, қажет болған жағдайда әрі қарай ем-шара алу бойынша бағыт-бағдар ұсынды.

— Медициналық қызметтердің халыққа қолжетімділігін арттыру мақсатында «Ашық есік күні» шарасын ай сайын ұйымдастырамыз. Кейде адамдар емханаға баруға уақыт таппайды немесе жағдайы күрделеніп жатқанын сезбей жүреді. Ал мұндай шаралар ауруды ерте анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді, — дейді ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының халықты ақпараттандыру және арыз-шағымдарды қарау бөлімінің басшысы Ахмет Беден.

Шара барысында Қор филиалының өкілдері тұрғындарға МӘМС туралы ақпараттық кеңес беріп, олардың сұрақтарына жауап берді. Мамандар атап өткендей, елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған ұлттық деңгейдегі жаңартулар қолға алынған. Оның ең маңыздысы — әлеуметтік осал топтағы азаматтарды медициналық сақтандырумен қамтуды күшейту және медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру.

Шымкентте бүгінде 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеп отыр. Алайда қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азамат бар. Жаңашылдықтар дәл осы топты қолдауға бағытталған.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл — осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, қажетті емді уақытылы алуға жол ашатын жүйелі реформа.