ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН СЕМИНАР ӨТТІ

26

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында өткен семинарға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирьянов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ департамент директорының орынбасары Марат Есенов, Шымкент қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының, Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Семинар барысында кәсіпкерлік қызметінің, оның ішінде инвестициялық бағыттағы, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы егжей-тегжей айтылды. Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Закирянов мұндай кездесулердің өңір экономикасының дамуына маңызды әсер ететінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда еліміздегі экономикалық дамудың негізгі бағыты инвестиция жұмылдыру болып табылады. ҚР Үкіметінің алдында 2029 жылға қарай экономикаға 450 млрд АҚШ доллары көлемінде, оның ішінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту жөнінде стратегиялық міндет қойылған. Үш жылдық мерзімнің қорытындысы бойынша бұл тапсырманың 1/3 бөлігінен астамы орындалды. Мақсатты индикаторға қол жеткізу үшін шамамен 80 млрд доллар инвестиция жұмылдыру қажет. Бүгінде әр мемлекеттік орган инвестиция тарту бойынша басымдықтар мен функционалдық өкілетке ие. Инвестициялық тапсырыс қалыптастыру кезінде бірінші кезекте бизнес тарапынан түскен ұсыныстар ескерілуі тиіс. Әр өңір инвестиция қажет ететін жобалардың тізбесін жасап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне жібереді. Нақтылау жұмыстарынан соң сыртқы істер министрлігі шетелден мекемелерге инвесторлар іздеу және бастапқы келіссөз жүргізу жөнінде тапсырмалар береді», – деді Мұрат Закирянов.

Инвестициялар комитеті төрағасының орынбасары Сыртқы істер министрлігі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ бірлесіп инвестициялық климатты жақсарту бағытында тығыз жұмыс атқарып жатқанын, ұлттық компания жобаларды бастаманы зерделеу кезеңінен бастап, нысанды пайдалануға беру мен постинвестициялық сүйемелдеу кезеңіне дейінгі бүкіл цикльде жан-жақты қолдау көрсететінін атап өтті.