КЕЛЕСТЕ ЖЫЛЫНА 25 МЫҢ ТОННА ӨНІМ БЕРЕТІН ЖАҢА ЖЫЛЫЖАЙ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Келес ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бастаған жұмыс тобы келіп, «Ecoculture–Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылыс барысымен танысты.
Делегация құрамында Сенат депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев болды.
Ақтөбе ауылдық округінде жалпы 500 гектар жерге жоспарланған жылыжай кешенінің бірінші кезеңі 51,26 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр, жобаның құны 42 млрд теңгені құрайды және «Қазақстан Даму Банкі» тарапынан 23,5 млрд теңге көлемінде қаржыландыру мақұлданған.
Қазіргі таңда 8 блоктан тұратын кешеннің қазандық құрылысы 80 пайызға орындалып, жалпы қуаттылығы 14 МВт болатын 9 қазандық орнатылған. 37,76 гектар аумақта жылыжай блоктарын полиэтиленмен қаптау жұмыстары аяқталып, 12,5 гектарлық екі блок көшет отырғызуға толық дайын.
Қазан айында 6,25 гектар жерге “Климон F1” қызанақ көшеттері отырғызылып, нысанда 100 адам жұмыспен қамтылған. Жоба толық іске қосылғанда 1337 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Жылына 25 мың тонна өнім беретін голландиялық технология енгізілуде.
Жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін газ, электр және су жүйелері тартылуда. Делегация мүшелері жылыжай кешенінің өңірдің агросекторын дамытудағы маңызын атап өтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың қарқындылығына оң бағасын берді.







